Әр балаға 21 мың теңге: Өскеменде әлеуметтік көмектің осы түрін 400-ге жуық отбасы алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әр балаға 21 мың теңге: Өскеменде әлеуметтік көмектің осы түрін 400-ге жуық отбасы алады

01.03.2019

Өскемен қаласындағы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар әрбір балаға 21 мың теңгеге жуық жәрдемақы беріледі деген жаңалықты зор қуанышпен қабылдады. Бүгінде Шығыстың бас шаһарында қаржылай қолдаудың осы түрін 400-ге тарта отбасы алады. Олар жәрдемақының өсуімен қатар, оны алу жеңілдейді деген жағымды жаңалыққа да дән риза.

Ольга Ранеева «Алтын алқа» иегері. 5 ұл, 3 қызы бар. Ең кенже баласы осыдан 1 ай бұрын дүниеге келген, ал тұңғышы 14 жаста. Өзі бала күтімімен үйде отыр, күйеуі ғана жұмыс істейді. Оның айлық табысы 90 мың теңгеден аспайды. Атаулы әлеуметтік көмек ретінде берілетін ақшаның көбейгенін және әр балаға берілетінін ести сала өзінің отбасындағы жәрдемақының жалпы сомасын есептеп қойыпты.

Ольга Ранеева, «Алтын алқа» иегері:

- Бұған дейін барлығы 23 мың теңге жәрдемақы алып жүрдік. Есептегенде әр балаға 3 мың теңгеден астам болды. Енді әр балаға 21 мың теңге шамасында берсе, біздің отбасы ай сайын 166 мың теңге алады екен. Бұл бізге үлкен қолдау болады.

Гүлжан Абдрахманова да көпбалалы ана. 7 баласымен қала шетіндегі саяжайда тұрады. Отағысы екеуінің басты мәселесі – баспана. 2014 жылдан бері үй кезегінде тұр. «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауына бірнеше рет келген. Нәтижесінде бірқатар мәселесі оң шешімін тапты.

Гүлжан Абдрахманова, «Алтын алқа» иегері:

- Әлеуметтік көмек беріп жатыр. Екі қызымды тегін балабақшаға орналастырды. Өзімді жұмыспен қамтамасыз етті, қазір істеп жүрмін.

Өскемен бойынша атаулы әлеуметтік көмек 384 аз қамтылған отбасына тағайындалған. Олардың 117-сі көпбалалы шаңырақ. Олардың барлығына қолдан келгенше әртүрлі көмек беріліп жатыр.

 «Nur Otan» партиясының съезінде Мемлекет басшысы бірінші кезекте табысы төмен көпбалалы отбасыларға айрықша қамқорлық танытып, назар аударуды тапсырды. Әлеуметтік көмек тағайындаудың барлық үдерістерін барынша жеңілдету туралы тапсырмасы да көпшілік көңілінен шықты.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу