Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің алқа мәжілісі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің алқа мәжілісі өтті

01.03.2019

Апта басында жаңадан құрылған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басты міндеттері қандай? Ведомство басшысы Дәурен Абаев кеңейтілген алқа отырысында оларға жүктелген мақсаттарды айтып, жоспарлармен бөлісті. Биыл Жастар жылы болғандықтан, басымдық осы бағытта. Әсіресе, білімсіз, жұмыссыз сандалып жүрген жастармен жұмысқа мән беріледі. Министрліктің тағы бір маңызды бағыты – азаматтық қоғаммен байланысты нығайту.

Айта кетейік, бұл жиынға министрлік қызметкерлерінен бөлек, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де қатысты. Олар мемлекеттік органдардың ашықтығы, кейінгі ұрпаққа ұлттық құндылықтарды сіңіру сынды мәселелерді қозғады. Айта кетейік, бүгіндері елімізде 22 398 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың 14 мыңнан астамы қоғамдық өмірге белсенді атсалысып келеді.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Ақпарат пен қоғамдық дамудың атқаратын функциясы бір-бірімен тығыз байланысты. Бүгінгі алқалы жиынымыздың «Nur Otan» партиясының съезінен соң өтуі де бекер емес. Елбасы съезде ауқымды мақсаттар жүктеді, маңызды тапсырмалар берді. Сол міндеттерді бірігіп атқару – негізгі парызымыз.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу