Павлодарда бірнеше әлеуметтік нысан мен 20 көпқабатты үйдің тұрғындары сусыз отыр. Оған құбырдың жарылуы себеп.
Қазір болған аумаққа қаладағы коммуналдық қызмет толық жұмылдырылды. 30-ға тарта техника жұмыс істеп жатыр. Олар көлік жолына жайылған суды құрғатып, ақау шыққан жерді жөндеуге кірісті. Әзірге осы аумақтағы үйлер тек қана судан ажыратылды, жылу беру тоқтатылған жоқ. «Бұл - жылу маусымы басталғалы бергі ең үлкен апат»,-дейді мамандар.
Ермұрат Нұрханов, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары:
- Бұл жерге жылу беру және сумен қамтамасыз ету магистралі қатар төселген. Оның үстіне ағын суларды шығаратын үлкен диаметрлі құбыр жатыр. Сондықтан ақауды бірден тауып, оны жөндеу қиынға түсіп жатыр. Бірақ бүгін кешке дейін тұрғын үйлерге су берілетін болады. Дәл қазір адамдарды сусыз қалдырмау үшін бірнеше көлік шығарып, тасымалдап жатырмыз.
Болат АМАНБАЕВ