Осылайша көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларды қолдаудың нақты қадамы жасалды. Бұған мұрындық болған «Nur Otan» партиясының аймақтық филиалы. Сондай-ақ, суықта жылусыз, тоңып отырған үйлерге көмір берілді.
Бұрын кезекке тұрып кабинеттеріне кіре алмай кететін әлеуметтік сала қызметкерлері енді халыққа қандай көмек көрсетіліп, нендей жеңілдік жасалатынын жарыса хабарлап жатыр. Бұндай көшпелі мобильдік орталықтар ірі сауда орталықтары мен базарлар маңында түскі уақытта жұмыс істейді.
Венера Демеубаева, қалалық Жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:
- Ең бастысы олардың уақытын азайту. Өйткені олардың үйлерінде балалары болғандықтан уақыттары болмайды. Балаларын балабақшаға, мектепке апару керек дегендей. Мына дүкенге келген кездерінде бізден кеңес алса болады.
Ал, Павлодарское ауылында тұратын Лидия Брехт өз көзіне өзі сенер емес. Бүгін оның ауласына екі тонна көмір түсірілді. Бейтаныс адамдар, бір тиын сұрамай, бір жапырақ қағазға қолын қойдырып, кете барды. Бес баласын жалғыз тәрбиелеп отырған анаға бұл үлкен көмек.
Лидия Брехт, бес баланың анасы:
- Қыс суық болып осы маусымға дайындаған 7 тонна көмірді жағып жібердік. Содан мен «Nur Otan» партиясына барып жағдайымды айттым. Үйім суық, отын болмағандықтан, сыз тартып барады деп. Міне, бүгін көмір түсіріп берді. Наурыз бен сәуір бойы от жағылады. Жақсы болды, қуанып жатырмыз.
Ал, ұядай ғана мына үйде 6 адам тұрып жатыр. Баспана тар. Кеңейтуге қаржы жоқ. Отағасының тапқан-таянғаны 4 баладан ауыспайды. Бәтимә осы балаларды бағып отыр. Бүгін ол теледидардан естіген жаңалығын жолдасына жеткізуге асық.
Бәтимә Қабылбай, төрт баланың анасы:
- Бүгін «Nur Otan» съезінде Елбасының сөзін естідік. Біз сияқты отбасыларға 2 пайыздық өсіммен несие береміз деп жатыр. Соны естіп, қуанып отырмыз.
Мемлекеттен бөлек, көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға жеке кәсіпкерлер де көмектеседі. Оларға «Nur Otan» партиясы көмекке аса мұқтаж адамдардың тізімін берген.
Болат АМАНБАЕВ