Асыл тұқымды мал көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асыл тұқымды мал көбейді

26.02.2019

Шығыс Қазақстанда шаруа қожалықтары мал басын асылдандырып, сүтті және етті сиырларды көбейтіп жатыр. Мемлекеттен көрсетілген көмектің арқасында қажырлы еңбек ақталуда. Мысалы, таяуда Алтай ауданына сонау Чехия елінен симментал тұқымды тайыншалар жеткізілді. Олар Шығыстың шұрайлы жеріне тез үйреніп, осы аймақтың ауа райына жақсы бейімделген.

Ержан Бұқатанов егін және мал шаруашылығымен қатар айналысады. Таяуда Чехиядан 100 бас симментал тұқымды тайынша сатып алды. Асыл тұқымды малды тура өзінікі сияқты отбасылық фермадан таңдап алыпты.

Ержан Бұқатанов, қожалық басшысы:

- 90 пайыз асыл тұқымды мал ұстайды ол жақта. Кәдімгі отбасылық шаруашылық, өздері сауады, жем-шөбін береді. 3-4 адам ғана жұмыс істейді.

Алайда, шетелмен салыстырғанда шығыстағы шаруалардың үлкен артықшылығы бар. Төрт түлік жазда жайлауға шығарылады. Алтай өңірі сүт және ет бағытындағы симментал сиырларын өсіруге өте қолайлы.

Берік Көшербай, тілші:

- Бұл - 1,5 жастағы құнажын. Қазір салмағы 400 келіге жуық. Үлкен сиырлар 600-700, бұқалар 1 тоннаға дейін салмақ береді.

Чехиядан мал импорттау үшін қожалық басшысы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 59 миллион теңге несие алған. Жылдық үстеме ақының 10 процентін мемлекет субсидиялайды. Ал, шаруа қалған 4 пайызын ғана төлейді. Алған ақшаны 15 жылда қайтаруы тиіс, оның өзінде алғашқы 2 жыл негізгі төлемнен босатылған.

Тілеуберді Сыбанов, мал дәрігері:

- Біз алдымен карантинге қойдық, 1 ай тұрды. Керекті жұмыстардың бәрін атқардық. Қанын алдық, тексердік. Бәрі жақсы болды. Енді жоспар бойынша жұмыс істейміз, қолдан ұрықтандырамыз.

Алтай ауданында ежелден тау-кен ісі жақсы дамыған. Аудандық бюджет бүйірін негізінен шахтерлар мен металлургтер толтыратын. Бірақ соңғы жылдары ауыл шаруашылығы алға шығып келеді.

Нұржан Тоқсейітов, Алтай ауданының әкімі:

- Алтай ауданында өнеркәсіп саласы 23 миллиард 200 миллион теңгенің өнімін өндірсе, былтыр өндірген ауыл шаруашылығының өнімі 24 миллиард 200 миллион теңгені құрайды.

Соңғы 6 жылда Шығыс Қазақстанға шет елдерден 8 мыңнан астам асыл тұқымды ұрғашы ірі қара мал әкелінді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы 1-2 жылда малды импорттауға ниет білдірген шаруалар саны күрт артқан. Биыл облысқа өзге елден барлығы 20 мың тайынша әкелу жоспарланып отыр.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу