Жатақхана жырына нүкте қойылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жатақхана жырына нүкте қойылмақ

25.02.2019

Жастар жылында жетісулық студенттердің жағдайы оңалатын секілді. Өңірде жатақхана құрылысы қарқын алмақ. Бүгінде талдықорғандық 2 мыңдай студент үйсіз-күйсіз жүр. Олқылықтың орнын толтыру үшін облыста кешенді жоспар құрылған. Оқу орындары да өз қаражатына бүгінгі заман талабына сай, әмбебап жатақхана салуға ниетті.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Құрылысы аяқталмаған мына көпқабатты ғимарат болашақта 280 орындық жатақханаға айналмақ. Қонақүй ретінде салына бастаған нысанға алдағы уақытта қаладағы оқу орындарының студенттері қоныстанбақ. Ғимарат сараптамадан өткен. Жобалық-сметалық құжаттары да дайын. Қаржы көзі де белгілі. Енді тек құрылысты жүргізетін мердігер кәсіпорынды анықтау ғана қалды.

Бүгінде Алматы облысында 1 университет және 8 кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарына жатақхана керек. 8 колледждің жеті жатақханасы жаңадан салынса, тағы бір университеттің жатақханасы күрделі жөндеуден өтетін болады.

Гүлсара Исағұлова, алматы облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Жатақхана құрылысы басталып, ары қарай аяқталғанша күтіп тұрмаймыз ғой. Сол үшін облыс әкімі арнайы тапсырма берді. Жатақханаға айналдыру мақсатында қазір жол картасы әзірленді.

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне де 250 орындық екі жатақхана салу жоспарланып отыр. Оқу орны қазір студенттерін баспанамен қамтып отырғанымен алдағы уақытта студенттер саны артады. Биыл оқу орны жанынан колледж ашылды. Қазіргі таңда заманауи ғимараттың жері бөлініп, жобасы бекітілді.

Болат Сериев, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ проректоры:

- Тамақ істеуге ыңғайлы бөлмесі болады. Бір бөлмелі үйге ұқсас типтес салынатын болады.

Ол жерде жастар бұрынғыдай топырлап, 5-6 адамнан емес, әр бөлмеде екі адамнан орналасатын болады.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу