Алматыдағы артезиан суының құрамында бактерия бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы артезиан суының құрамында бактерия бар

22.02.2019

Сондықтан оны жиі қолдану денсаулыққа зиянды болуы мүмкін. Мамандар зерттеуі осындай нәтиже берген. Ал, сонда ең таза су қайсы? Артезиан суын залалсыздандырмай ішу қандай аурулар туғызуы мүмкін?

Аманкелді Сейітхан, тілші:

- Бұл - «Шаңырақ» ықшам ауданындағы артезиан суы. Халықтың арасында бұл ең таза су деген пікір бар. Сондықтан мұнда жылдың, күннің қай кезінде келсеңіз де, адам ешқашан үзілмейді. Тіпті, тұрғындар мынадай 40-50 литрлік ыдыспен де келіп, алып кетіп жатады.

Тура осындай жерасты суы Алматының бірнеше аймағында бар. Медеу мен Алма-Арасан шатқалы, «Әйгерім» мен «Шаңырақ» ықшам ауданындағы табиғи су көзі көпшілікке кеңінен танымал. Тіпті, бұл тіршілік нәрін жергілікті тұрғындардан бөлек, алыстан арнайы іздеп келіп ішетіндер де кездеседі.

Алғазы Мұқаш, қала тұрғыны:

- Судың енді сапасы өте жақсы, жоғары. Шәйнектерге қақ тұрмайды. Тамаққа да осыны қосамыз.

Бейсен Изимов, қала тұрғыны:

- Бөтелкедегі судан жақсы.

Терең ұңғымалардан тоқтаусыз ағып жатқан судан мамандар сынама алып, зертханада тексеруден өткізді. Нәтижесінде судың химиялық құрамы мен микроэлементтері нормаға сай, бірақ денсаулыққа зиянды бактериялардың бар екені анықталған.

Сабырхан Сансызбаев, «Алматы Су» химия-бактериологиялық зертханасының меңгерушісі:

- Министрлік бекіткен санитарлық ережелерге сәйкес келмейді.

Мамандардың айтуынша, бұл бактериялар адамның ішкі құрылысының микрофлорасын құртып, түрлі іш ауруларын тудыруы мүмкін. «Сондықтан тек залалсыздандырудан өткен суды пайдаланған жөн»,-дейді. Осы мақсатта қазір қаланың су дайындау станцияларында хлордың орнына ас тұзынан электролиз әдісімен алынатын натрий гипохлориті қолданыла бастаған. «Бұл -  хлорға қарағанда белсендігілі жоғары, қауіпсіз қоспа»,-дейді мамандар.

Аманкелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу