Алматыдағы айналма жол жөнделеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы айналма жол жөнделеді

21.02.2019

Алматылықтар «Алтын орда» базарының маңындағы айналма жолдан әбден шаршаған. Өйткені бір жылдан бері құрылыс жүріп жатқан аймақтағы «уақытша жолдың» сапасы ауылдағы жолдардан да нашар. Тіпті тереңдігі 20-30 сантиметрлік ойдым-ойдым шұңқырлар бар. Ал, осы жермен күнде өтетін жүргізушілер «көліктен көлік қалмайтын болды»,-дейді. Жалпы, көпшілік үшін ең басты мәселеге айналған аспалы көпірдің құрылысы қашан бітеді?

Бұл Алматының - бас қақпасы саналатын «Алтын орданың» маңындағы күнделікті көрініс. Мұнда құрылыс жұмыстары бір жыл бұрын басталған. Бірақ оны айналып өтетін уақытша арнайы жол салынбаған. Сондықтан жүргізушілер өздері салып алған ойлы-қырлы, шоқалақ жолмен жүруге мәжбүр.

Ернұр Несіпбеков, қала тұрғыны:

- Жолды салмастан бұрын халыққа жағдай жасалу керек қой.

Бақытжан Байғазиев, қала тұрғыны:

- Бұл жермен автобустар жүреді. Теңселіп, шайқалып, төңкеріліп кете жаздайды.

Қотыр-қотыр, шұрық-тесік жолдың ұзындығы 2 шақырымнан асады. Оның үстіне қалаға кіретін басты жолда екі бағдаршам бар. Осы кішкене ғана аймақта жүргізушілер 1 сағатқа жуық уақыт жоғалтады. Өйткені жол тар, көлік көп, ұзын-сонар кептеліс.

Аманкелді Сейітхан, тілші:

- Жол жоқ, бірақ белгі бар. Мына жерде жол салынбаса да, жиегіне мынадай белгілер орнатылып қойған. 50-ден асыруға болмайды дейді жылдамдықты. Бірақ дәл мынандай жолмен 50 тұрмақ, 20-мен жүрудің өзі мүмкін емес.

Құрылысқа жауапты «ҚазАвтоЖол» мамандары «бұл жерде «уақытша айналма жол» салу әуелде қарастырылмаған»,-дейді. Сондықтан оған қаржы да бөлінбеген. Бірақ дәл осы жағдайдан кейін айналма жолға асфальт төсеуді жоспарлап жатыр екен.

Нұрхат Ақылтаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Үстіне асфальт салу керек. Ал, қазіргі уақыт асфальт салғанға келмейді.

Мамандардың айтуынша, асфальт төсеу жұмыстары сәуір, мамыр айларында басталмақ. Оған дейін жүргізушілердің осы ойқыш жолмен жүре тұруына тура келетін сияқты. Ал, негізгі жолдың құрылысы келер жылдың шілде айында аяқталуы тиіс. Яғни, алматылықтар армандап жүрген 10 жолақты жолдың ашылуына кемі әлі 1,5 жыл бар.

Аманкелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу