Биіктігі – 8 метр. Шебер азамат бұл іске балалары үшін бел буғанын айтады. Әрі отбасы осы ерекше туындысымен шетелдік байқауға қатысуда.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
- Ауыл тұрғыны соққан алып аққаланың біз қазір бел ортасында тұрмыз. Биіктігі - 8 метр. Осы жерге шығудың өзі оңай болған жоқ. Өте қорқынышты төменге қарағанда. Және аққаланың биіктігі соншалық – бұл жерден ауыл көрінісі алақандағыдай болып көрінеді екен.
Ерлан аққаланы 7 күнде қалап шығыпты. «Шамамен екі-үш көліктей қар кетті»,-дейді. Ұлпа қардың басы бірікпей, біраз қиналған, сөйтіп инженерлік ерекше тәсіл қолданған.
Ауыл тұрғынының алып аққаланы тұрғызуына шетелдіктердің жариялаған байқауы түрткі болыпты. Өздері жасаған ерекше туындыны отбасы бейнебаян ретінде әлеуметтік желіде таратқан. Бастысы – балалардың қуанышында шек жоқ.
Зарина Дышекова, ауыл тұрғыны:
- Бастапқыда үй, не сырғанақ жасағымыз келді. Кейін интернетте байқау жарияланғанын көріп қалдық. Сөйтіп 8 метрлік аққала пайда болды. Балалар қатты қуанып жүр.
Ауыл шетінен менмұндалаған мүсінді көпшілік арнайы келіп, қызықтайды. Бәрі таң-тамаша.
Қалада да көшеге сән берген қар-мүсіндер баршылық. Мәселен, мына өрт сөндіру көлігі мен әскери техниканы құтқарушылар қолдан қалаған.
Әлішер Құттығали, өрт сөндіруші:
- Желтоқсанда бастадық. Осындай өнерім бар деп, жеке құрамға айтып, олар қолдап, көмектесті. Осы жеке құрам арқасында жүзеге асырдық.
Биыл өңірде қар әдеттегіден 8 есе мол жауды. Ақ ұлпаны кәдеге жаратып, кішігірім зообақ жасап қойғандар да бар. «Ерекше туындылардың иелерін қолдау үшін байқау жарияланса, игі еді»,-дейді тұрғындар.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.