Кейбір шенеуніктер отандық өнімдерді менсінбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кейбір шенеуніктер отандық өнімдерді менсінбейді

21.02.2019

Айталық, Түркияға демалуға барған облыс әкімінің орынбасары сол жақтың автобустарын сатып алмақ болған. Мұны Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин айтты. Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтіп, өткен жылы атқарылған істерді қорытындылап, биылғы жоспар-міндеттерді талқылады.

Импортты ығыстыратын отандық өнімдер елімізде көбейіп келеді. Алдағы жылдары оның үлесі еселеп артады. Өйткені жеңілдетілген несиелендірудің көлемі көбеймек. Кәсіпорындарға 600 млрд теңге қолжетімді несие берілетін болды. Оның 400 млрд-ы өңдеу өнеркәсібіне бағытталмақ. Осылайша Елбасы тапсырған қарапайым заттардың импорттық үлесі 14 пайызға қысқарады. Алайда, кейбір шенеуніктер отандық өнімдерді қолдауға асығар емес. Облыс әкімі орынбасарларының бірі өз елімізде бар автобустарды елемей, түріктің компанияларымен келіссөздер жүргізген.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

- 200 шақырым жердегі көрші облыста сондай автобустар шығарылып жатыр ғой. Сапасы артық болмаса, кем емес. Бұл мәселеге бейжай қарамауларыңыз керек.

Бұған қарамастан, өңірлерде тасымалдау мәселесі өзекті. Ауыл-аймақтарға қатынайтын автобустар жеткіліксіз, барларының өзі ескірген. «Бірақ жергілікті атқарушы органдар оларды жаңғыртуға құлықсыз», - деді вице-министр Роман Скляр.

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің вице-министрі:

- Былтыр әкімдіктер ауданаралық тасымалдауға 15 млрд теңге субсидия бөлді. Оның 81 пайызы Алматы мен Астананың еншісінде. Қалған өңірлер бұл мақсатқа мүлдем қаражат қарастырмады.

Жалпы, биыл индустрияландыру бағдарламасының аясында елде 100-ден астам жоба іске қосылмақ. Нәтижесінде 20 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Ал, Қазақстан экспортшылары үшін енді Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран елдерінің нарығына шығу жолдары жеңілдейді. Елбасы тапсырмасына сай эскпорттаушыларға қаржылық қолдаудан бөлек, көмек көрсету тетіктері де жетілдірілмек.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Экспорттаушыларға қолдауды күшейту жоспарлануда. Инспекциялық комиссияларды шақыру арқылы аталған елдердің нарығына оңай шығуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, алдағы үш жылға эскпорттаушы компанияларды қолдау үшін 500 млрд теңге қарастырылып отыр.

Ал, келер жылы елдегі 13 автожол ақылы болады. Ұзындығы 5 мыңнан астам шақырымды құрайтын учаскелерде ақы алу жүйесі орнатылады. Жалпы, 2025 жылға дейін Қазақстан жолдарының 80 пайызы қанағаттанарлық деңгейге жетпек.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу