Семейдегі мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсететін жалғыз орталықтың жағдайы мүшкіл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейдегі мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсететін жалғыз орталықтың жағдайы мүшкіл

20.02.2019

Ғимарат санитарлық талапқа мүлде сай келмейді. Алайда, баласының дертіне дауа іздеген ата-ананың басқа барар жері жоқ. Оңалту орталығы бір мезетте 35 баланы ғана қамтуға қауқарлы. Ал, медициналық, педагогикалық, психологиялық көмекті қажет ететін жеткіншектердің саны әлдеқайда көп. «Жылдар бойы көтеріліп келе жатқан мәселеге жергілікті билік мойын бұрса»,-дейді жұрт.

Ержан Жақып, тілші:

- Қазір оңалту орталығы ешқандай талапқа сай келмейтін мынандай көпқабатты тұрғын үйдің астында орналасқан. Мамандардың айтуынша, бір бала үшін оңалту орталығында 12 шаршы метр аумақ бөлінуі тиіс. Ал, қазір бұл жерде балалар мынандай тар бөлмеде сығылысып отыруға мәжбүр.

Орталықтың тарлығына шағым айтып жүрген ата-ана жоқ. Тіпті, шағын болса да осы жерге мүмкіндігі шектеулі балаларын алып келгісі келеді. Алайда, орын жоқ, айлап кезек күтеді.

Сағдат Ілиясова, ата-ана:

- Мында келсем, орын жоқ, қайтадан тосыңыз дейді маған. 2 ай өтті. Ал, мектептерге баламды берейін десем, дертіне байланысты оқи алмайды.

Жанар Жеңісова, ата-ана:

- Бала сыймайды. Егер менің балам бір жылға тағы қалатын болса, шулайды. Ата-аналардың тарапынан дау болады.

Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мамандары мәселені талайдан бері айтып келе жатыр. «Бірақ қолдан келер қайран жоқ»,-дейді.

Жанар Шакимбаева, арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығының меңгерушісі:

- Баласын әкелгісі келетіндер өте көп. Өйткені бұл - мемлекет тарапынан тегін қызмет көрсететін жалғыз орталық. Ғимарат тар. Әр топта 10 баладан. Кабинеттер санитарлық нормаға мүлдем сай келмейді. 

Жаңа ғимарат салу үшін арнайы жобалық сметалық құжат 2015 жылы дайын болған. Жергілікті әкімшілік жер бөліп, ғимарат саламыз деп уәде еткен. Әзірге бәрі сөз жүзінде ғана. 

Бұрынғы атом сынақ полигоны болған өңірде қазір 1300 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Олардың 250-не арнайы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Бұл - тек статистика. Ал, көмектің қалай көрсетіліп жатқанын осы жалғыз орталықтың жұмысынан аңғаруға болады. «Сондықтан мәселе жедел шешімін тапса екен», - дейді балалары үшін шарқ ұрған ата-аналар.

Ержан ЖАҚЫП

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу