Қазақстандық өнертапқыш ерекше жүргіншілер жолағын ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық өнертапқыш ерекше жүргіншілер жолағын ойлап тапты

20.02.2019

Қостанай облысының Рудный қаласында ерекше жүргінші жолағы пайда болды. Жол белгісінің жаңа түрін қазақстандық өнертапқыш ойлап тапқан. Басты мақсат – көлік жолын кесіп өтетін жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Рудный – жаңа жолақ орнатылған еліміздегі алғашқы қала. Оның бірі орталық көшеге, екіншісі темір кені басқармасының қасынан өтетін күре жолға қойылды. Тапсырыс беруші - қала әкімдігі. Жобаны жүзеге асыруға қажетті 10 млн теңгені екіжақты меморандум аясында кен басқармасы бөлген.

Татьяна Шерстобитова, «Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты» АҚ кәсіподақ төрайымы:

- Бұл жерде көлік қозғалысы өте көп. Комбинаттың кеңсесі, механикалық жөндеу зауыты осы тұста. Сондықтан жолды күнде ондаған адам кесіп өтеді. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа жүргінші жолағын осы жерге орнату қажет деп шештік.

Жаңа жолақтың екі жағына үлкен темір бағана қойылған. Олардың ортасын түнде жарық шашатын полиэтилен торкөз жалғап тұр. Соның арқасында жаяулар өтпесі алыстан көрінеді. Қозғалысты төрт бейнекамера үздіксіз түсіріп тұрады. Ал, жаяу жүргінші өтпеге жақындағанда арнайы құрылғының көмегімен, торкөзге ілініп тұрған сары шам жанады. Сөйтіп жүргізушіге белгі беріледі.

Данияр Ахаев, өнертапқыш:

- Далаға да қоюға болады. Себебі бұл автономды қуатталады. Электр желісіне жалғаудың қажеті жоқ. Қаржылық жағынан да тиімді. Электр желісіне қосылатын дәл осындай құрылғымен салыстырғанда 10 есе арзан.

Яғни, барлық құрылғылар күн батареясы арқылы қуатталады. Жергілікті билік өкілдері мұндай жаңашылдықтар «Ақылды қала» жобасы аясында жүзеге асып жатқанын айтады.

Әнуар Есқатов, Рудный қаласы әкімінің орынбасары:

- Бүкіл қаладағы бағдаршамдарды бір құрылғы арқылы басқару жүйесі қолға алынып жатыр. Сонымен қатар көшелердегі жарықтар да солай бір жерден басқарылатын болады.

Алдағы уақытта осындай жүргінші жолағы еліміздің басқа қалаларында да орнатылуы тиіс. Себебі жаңа белгі - жолдағы қауіп-қатерді едәуір азайтуға сеп болады.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу