Алматылық көпбалалы аналарға жылына 2 пайыздық үстемемен үй беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық көпбалалы аналарға жылына 2 пайыздық үстемемен үй беріледі

20.02.2019

Осы мақсатта көпбалалы отбасылар үшін жеке тұрғын үй кезегі түзіледі. Бұл туралы бүгін халыққа есеп берген қала әкімі Бауыржан Байбек айтты.

Республика сарайында өткен әкімнің есебіне 3000 мың адам қатысты. Қала әкімі әдеттегідей, былтыр атқарылған жұмыстың нәтижесін жеткізді. Бұдан кейін қазір қоғамды толғантқан көпбалалы аналар мәселесіне тоқталды. Мегаполис басшысы соңғы екі аптада 600-ден астам көпбалалы анамен бірнеше кездесу өткізгенін айтты.

Салтанат Мұсаева, көпбалалы ана:

- Қазіргі таңда кішкентай балам жасқа толмаған. Сол себепті жұмыс жасамаймын. Үйде отырмын. Жолдасым күзетші боп жұмыс жасайды. Алатын айлығы 50-ақ мың теңге. Ал, көпбалалы ана ретінде жәрдемақы 10500-ақ теңге.

Қала басшысы табысы аз отбасылар үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасы қолға алынғанын да тілге тиек етті. Мәселен, кезекте тұрған 1276 көпбалалы отбасына ипотекаға 2 пайызбен 18 жылға үй беріледі, алғашқы жарнасы - 10%. Мұның өзіне шамасы жетпейтіндерге жергілікті бюджеттен 1 миллион теңгелік сертификат берілмек. Сондай-ақ, балабақшамен қамту мәселесі де шешіледі. Оқуда озат балаларға арнайы стипендия да тағайындалады.

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

- Әрине, аспаннан түсіп жатқан ақша жоқ. Бұлардың барлығы - алматылық салық төлеушілердің қаржысы. Айналып келгенде, біз қаланы абаттандыруға жұмсалмақ қаржыны әлеуметтің қазіргі қажетіне бұрмақпыз.

Кездесуге жиналғандар көкейдегі түйткілдерін айтып, мәселелерін жеткізді.

Тұрғындардың тарапынан қойылған сұрақтарды Бауыржан Байбек жеке-жеке тыңдап, проблемаларды шешуді әр ауданның басшыларына жүктеді.

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

- Заң аясында шешілетін зат шешілу керек, шешілмесе, ондай шенеуніктер кету керек жұмыстан. Сондықтан бәрін қадағалап, шешу керек.

Үш сағатқа созылған жиынға қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев алматылықтардың күрделі мәселелері Үкімет жанынан құрылған арнайы жұмыс тобында қаралатынын жеткізді. Ал, қала басшысының сөзінше, бюджет қайта қаралады. Енді көшелерді көгалдандыру, аумақтарды абаттандыруға кететін шығынды қысқартып, одан үнемделген қаражат әлеуметтің әлеуетін көтеруге жұмсалады.

Алматы тұрғындарын толғантқан бірінші мәселе – баспана. Қазір тұрғын үй кезегін күткендердің саны - 22 мыңнан астам. Олардың жартысы әлеуметтік мұқтаж топқа жатады. Сондықтан алдағы 5 жылда шаршы метрі 250-300 мың теңге тұратын 23 мың пәтер салынбақ.

Аманкелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу