Түркістан облысының Келес ауданындағы жылыжай көлемі екі есеге артпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының Келес ауданындағы жылыжай көлемі екі есеге артпақ

20.02.2019

Биыл 77 гектар алқапқа осындай тиімді тәсілмен көкөніс егілсе, келер жылы ол тағы 45 гектарға ұлғаяды. Сондай-ақ, диқандар биыл егістікте ғылыми жетістіктерді мейілінше пайдалануды көздейді. Өйткені олар ұсынған көкөністің жаңа тұқымдары мол әрі жақсы өнім алуға мүмкіндік бермек.

Жарты гектарға жуық аумақтағы мына жылыжайда қызанақтың «Атия» деп аталатын сорты өсіріліп жатыр. Өнімі мол әрі жылдам піседі. Ғалымдар ұсынған жаңа тұқымды күтіп-баптаудың әдісін диқан мамандардан бірер айдың ішінде үйреніп алды. Жылыжайдағы егіндік тұтастай тамшылатып суарылады. Бұл ылғалды үнемдеуге және әрбір түпке қажетті қорегін толық жеткізуге мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Жүсіп, шаруа:

- «Атия» қызыл болып піседі. Бір түптен 5-6 киллограмға дейін алуға болады.

Шығынды мейілінше азайту үшін көптеген шаруашылықтар көкөніс көшетін арнайы тұқымбақта өздері өсіреді. Өсімдіктің сол жерге жылдам бейімделуіне мұның әсері мол. Сондай-ақ, зиянкестермен күрес, тыңайтқыш түрлерін дұрыс пайдалану, жарықтың өсімдікке қажетті мөлшерде берілуі секілді күтіп баптау ісінде де жаңашылдық бар.

Ергешбай Әбішев, Келес ауданы әкімдігі Ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Көшеттің жақсы сорттарын іздеп жатырмыз. Қазір бізге ғылыми-зерттеу институттары келіп жатыр. Көшеттердің қай сорты жақсы өнім береді, соны жер жағдайына қарай ыңғайластырып жатырмыз.

Былтыр ауданда жылыжайдан 70 мың тоннадан астам өнім жиналды. Диқандар оның көпшілігін өзге аймақтарға апарып сатқан. Енді олардың өсірген өнімін өңдеуіне, сақтауға мүмкіндік туғалы отыр. Ол үшін арнайы аграрлы индустриалды аймақ құрылды.

Ахментай Есбаев, Келес ауданының әкімі:

- Ақтөбе ауыл аймағында қарігі таңда арнайы жер қорынан жер көлемі бекітіліп отыр. Сол жерге көкөніс сақтау қоймалары, қайта өңдеу кәсіпорындары секілді көптеген ірі жобалар енгізіледі.

Бүгінгі таңда облыс аумағындағы жылыжайдың тең жартысынан астамы тап осы Келес пен Сарыағаш аудандарында орналасқан. 13 мыңнан астам азамат осы істің қыр-сырын меңгеріп, жылыжайдағы диқандық кәсіппен несібе айырып келеді. Мұнан бөлек жыл сайын одан алынатын өнімнен қазынаға 500 миллион теңгедей салық түседі.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу