ШҚО-да өзендер ластанып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да өзендер ластанып барады

20.02.2019

Экологтардың айтуынша, қазір тұп-тұнық су көзін табу қиын. Кішкентай өзендерде ауыр металдардың мөлшері көктем келе тіптен көбейіп кетеді. Табиғатты қорғау мекемелері тиісті зерттеулерін жүргізіп қана қоймай, су мен ауаны ластайтын кәсіпорындармен жиі соттасады. Себебі олар өз кінәсін мойындамайды.

Берік Көшербай, тілші:

 - Аймақтағы жер беті суларының сапасы «Қазгидромет» мекемесі мамандарының бақылуында. Олар 10 өзен, 2 су қоймасы мен 1 көлден ай сайын сынама да алып тұрады. Судың құрамында қандай заттар мен ауыр металдар бар екені зертханада тексеріледі.

Әр сынаманы мамандар 48 көрсеткіш бойынша зерттейді. Осылайша ашық су көздерінің ластануы деңгейін анықтайды. Көбінде тау-кен өнеркәсібі мен металлургиялық өндіріске жақын өзендер ластанған. Судың құрамында марганец, мырыш, қорғасын сияқты ауыр металдар қалыпты мөлшерден асып кеткен.

Айжан Халел, «Қазгидромет» РММ облыстық филиалының жетекші- инженері:

- Ақпан айының сынамалар нәтижесі бойынша жоғары ластану Риддер қаласындағы Брекса, Тихая, Үлбі сияқты өзендерде байқалады.

Кен өңдейтін кәсіпорындар іргесінде тау болып үйіліп жатқан өндірістік қалдықтар қоршаған ортаға зиянын тигізіп жатыр. Қар еріп, жаңбыр жауған сайын, ауыр металлдар ағып, өзен суына қосылады. Құзырлы орган экологиялық талапты сақтамайтын кәсіпорындармен жиі соттасатыны да содан.

Дмитрий Кавригин, облыстық Экология департаментінің басшысы:

- 2018 жылдың соңында өзен суын ластағаны үшін тек «Востокцветмет» серіктестігінен 107 миллион теңге әкімшілік айыппұл өндірдік. Ақпанның 26-да Астанадағы экономикалық сотта тағы бір сот отырысы болады. Себебі дәл сондай. 56 миллион теңгенің залалын келтірген.

Өңірдегі экологтар, табиғат жанашырлары өзен суларын қоқыстан сақтайтын талай жоба жасады. Өндірістік қалдықтардың зиянды әсерін азайтуға бағытталған бағдарламалар да түзді. Тек оларды жүзеге асыруға қомақты қаражат керек.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу