Кәсіпкер контейнерде тұрып жатқан отбасыға пәтер алып бермек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкер контейнерде тұрып жатқан отбасыға пәтер алып бермек

18.02.2019

Көпбалалы отбасы үй алып беремін деген кәсіпкерді күтіп жүр. Бірнеше жылдан бері пәтер жалдап, ақыры контейнерде күнелтуге мәжбүр болған отбасы қазір Астана маңындағы Қоянды ауылында тұрады. Алты баласымен 60 мың теңгеге күн көріп отырған олар қайырымды жандардың қолдауына мұқтаж.

Ермекбай отбасымен Түркістандағы қарашаңырағынан 2007 жылы еншісін алып кеткелі үйсіз-күйсіз жүр. Отағасы бұрыннан Астанаға қатынап, нәпақа тауып тұратын. Сондықтан бас қалаға қоныс аударыпты. Бірақ баспанаға қол жеткізе алмады. Бар тапқаны контейнер. Оның өзін 6 балаға аяушылық танытқан қайырымды кісілер берген.  

Құрмет Жанұзақова, көпбалалы ана:

- Көп киім алып бермейміз, әркімнің берген киімдерін киеді.

5 қыз, 1 ұл. Үлкені 11 жаста, кішісі 11 айлық. Ата-ананың бар тілеуі - солардың амандығы. Алайда, аяздан бойлары жылымаған балалар жиі ауырады. Осыдан бірнеше күн бұрын талғажау етер тамаққа зәру болыпты. Жәрдемақы мен әкенің 60 мың табысы көп нәрсеге жетпейді. Әйтеуір біреуден-біреу естіп, азық-түлікті әкеп тастапты. Үй алып беретін жомарт жандар табылған. Бірақ бір кәсіпкер ол жағын өзі шешетінін жеткізген. Отбасының ендігі үміті сол бизнесменде. Құжаттарын да тас-түйін дайындап отыр. 

Құрмет Жанұзақова, көпбалалы ана:

- Кәсіпкерден хабар күтіп отырмыз.

Жандар Садықов та кәсіпкер. Ол жақында көпбалалы Қарабаевтар отбасына су жаңа үй сыйлады. Жөндеу жұмыстары мен жиһаздарын да толық қамтамасыз етпек. Жарнама үшін емес, жағдайы бар азаматтар жарлы-жақыбайға жақсылық жасаса деген ниетпен. 

Жандар Садықов, Қаржы компаниясының бас директоры:

- Егер мен жарияламай бір пәтер сыйласам, тек қана бір жанұяны пәтермен қамтамасыз етемін. Ал, мен бүкіл Қазақстанға жария етсем, мүмкін менің ісімді басқалар қайталар.

Бұл отбасы негізі Есіл ауданында тіркелген. Бірақ Қоянды ауылында тұрады. Соған байланысты екі әкімдік те әзірге көмек көрсете алмай отыр. Дегенмен, көпбалалы отбасы көп кешікпей уәде етілген үйіне де кірер. Кейінгі кездері қоғамда өзгенің қиындығына бейжай қарамайтын жандардың көбейгені қуантады.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу