«Бақытты отбасы» жобасы жүзеге асуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Бақытты отбасы» жобасы жүзеге асуда

15.02.2019

Қоғамдық көлікте тегін жүру, жоғары оқу орнында тегін оқу. Аз қамтылған отбасыларға осындай қолдау көрсетуге болады. Ол үшін әлеуметтік төлемдерден бөлек, қаржылық қажеттілікті өтеудің өзге де тетіктерін қарастыру керек. Республикалық балалардың құқығын қорғау кеңесі «Бақытты отбасы» жобасын қолға алды. Жоба аясында әлжуаз топ өкілдерінің түгелін қамтитын кешенді бағдарламалар жүзеге асырылады.

Көмекке зәру жандар көп. Бірақ нақты саны жоқ. Сондықтан отбасылардың мұқтаждығын өтеу оңай соқпайды. Мәселені реттеу үшін бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесі енгізілетін болды. Сөйтіп республикалық, облыстық және аудандық деңгейде қолдау мен қамқорлық жасалмақ. Тізімдері де сол жерде түзіледі.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Соның бәрін түсіндіріп, әрі қарай сол көмекті алуға, анда-мында жібермей, келіп жатқан адамдарға өзіміз көмектесіп, керек болса хабарласып, бұл мәселені бақылауға алып, соңына дейін жеткізуге жұмыс істейтін боламыз.

Мемлекет мейлінше жәрдемақы беріп келеді. Былтыр 311 млрд теңге бөлінген. Десе де, бюджет шетсіз әрі шексіз емес. Сол себепті үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлер, жалпы жомарт жандарды қайырымдылыққа ортақтастыру жолын табу керек. Сонда тұрғын үй, коммуналдық төлем, қоғамдық көлікте тегін жүру, дәрі-дәрмекпен қамту сияқты мәселелер жүйелі шешілмек. Басқа да тың жобаларды іске асыру көзделген.

Динара Закиева, Республикалық балалар құқығын қорғау кеңесі төрағасының орынбасары:

- Дәл қазіргі кезде «Урбан ана» жобасы жасақталып жатыр. Оның аясында аналар балаларын жұмысына ертіп бара береді. Өйткені жұмыс орнында қолайлы жағдай жасалмақ.

Балалар құқын қорғау кеңесінің орталықтарда 17 жұмыс тобы бар. Қосымша 230-дан астам аумақтық бөлімшелері жұмыс істейді. Олар көмек көрсетуге әзір.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу