Шахан кентіндегі жылу қазандығы жарылған көпқабатты үйдің тұрғындары 2 жылдан бері көмір жағып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шахан кентіндегі жылу қазандығы жарылған көпқабатты үйдің тұрғындары 2 жылдан бері көмір жағып отыр

14.02.2019

Қарағанды облысының Шахан кентінде осыдан 2 жыл бұрын жылу қазандығы жарылып, 9 адам қаза тапқан қайғылы оқиға естеріңізде болар. Осы кентте орталықтандырылған жылу қазандығын салу үшін 2 миллиард 200 миллион теңгеден астам қаражат керек. Оның құрылысын сәуір айында бастау жоспарланған. Ол үшін облыстық бюджеттен бастапқы қаражат та қарастырылған. Ал, әзірге мұндағы үйлер автономды қазандықтармен жылытылса, жұрттың біразы көпқабатты үйде пеш жағып отыр.

Көпбалалы ана Венера Қойбағарова баспанасын жылыту үшін бесінші қабатқа отын тасып, күл-қоқыс шығарудан қолы босамайды. Күніне 5-6 шелек көмір жағады. Әйтпесе пәтер суып кетеді.

Венера Қойбағарова, Шахан кентінің тұрғыны:

- Бесінші қабатқа тасып, күлін түсіріп, алты баламен қиналып отырамын осылай. Су жоқ, отын болмай қалады.

Шахан кентінің орталықтандырылған қазандығы істен шыққанына 20 жылдан асқан. Қазір мұндағы тұрғындардың біразы Венера секілді үйінде пеш жақса, үйлердің бірқатары автономды қазандықтарға қосылған. 2017 жылғы апаттан соң жертөлелерде орналасқан 14 автономдық қазандық түгел аулаға шығарылған. Кенттегі жылу проблемасын түбегейлі шешу үшін орталықтандырылған жылу қазандығы керек.

Ал, кент әкімі «Үкімет деңгейінде шешіліп жатқан қазандық құрылысының алғашқы кірпіші сәуір айында қаланады», деп отыр. Ол үшін алғашқы жұмыстарға облыс әкімдігі 220 миллион теңгені аударып қойған.

Ғалым Өмірбеков, Шахан кентінің әкімі:

- Қаржы мәселесі жағынан республикадан 2 миллиардтан астам қаражат бөлінуі керек. 3 қазандық қойылады. Ол Шахан кентіне жетеді. Сәуір айында қазандықтың кірпіші салынады.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 1 қаңтарында кенттегі көпқабатты үйлердің біріндегі жертөледе орналасқан автономды жылу қазандығы жарылып, 9 адам қаза тапқан. Бұл қайғылы жағдай шағын ғана Шахандағы біраз былықтың бетін ашты. Енді биыл сәуір айында қазандық құрылысы басталса, шахандықтар 2021 жылы күл-қоқыссыз, жылы үйде отыру бақытына қол жеткіземіз деп үміттенеді.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу