Моншаны паналап келген көпбалалы отбасыға баспана берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Моншаны паналап келген көпбалалы отбасыға баспана берілді

14.02.2019

Алматы облысында талай жылдан бері баспанаға зар болып, тас моншаны паналап келген көпбалалы ананың арманы орындалды. 5 перзенті бар Жанболатовтар отбасына облыс әкімі Амандық Баталов 4 бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.

Қуаныш пен Мақпалдың бес баласы бар. Осы уақытқа дейін әркімнің табалдырығын күзетіп, әбден шаршаған отбасы тар моншада тұрып келді. Үйдің жалғыз асыраушысы – отағасы. Бірақ ол тұрақты жұмысқа орналаса алмайды. Себебі сол қолының саусақтары дұрыс бүгілмейді. Оған қоса, бір көзі нашар көреді. Сондықтан тек уақытша жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр.

Қуаныш Жанболатов, Талғар ауданы, Рысқұлов ауылының тұрғыны:

- Қалада тұрғалы 2019 жылға дейін пәтерден пәтерге көшіп жүргенімізге көп болды. Тапқан табысым баспанаға жетпейді. Жүк тасушы болып жұмыс істеймін. Жұмыс бірде бар, бірде жоқ.

Отбасының әлеуметтік жағдайының ауыр екенін естіген жергілікті билік өкілдері бұған бейжай қарамады. Олар тез арада демеушілерді тауып, Жанболатовтар отбасына Рысқұлов ауылынан төрт бөлмелі жаңа баспана алып берді.

Асқар Сүлейменов, кәсіпкер:

- Балаларымыздың болашағы. Қуаныш бауырымыз бен Мақпал қарындасымыз жас, әлі талай балаларды дүниеге әкеледі. Сол балалар елімізді өркендетеді деп сенеміз.

Пәтер жағалап, көшіп-қонып жүрген Қуаныш пен Мақпал тосынсыйға әлі де сене алар емес. Сондықтан олар қол ұшын созып көмек көрсеткен кәсіпкерлерге алғыс айтты.

Енді Қуаныш Жанболатов екі қолға бір күрек іздеп әуре болмайды. Өйткені атқарушы билік өкілдері оған тұрақты жұмыс тауып беруге көмектеспекші. Ал, кәсіпкерлер мұнымен шектелмей, көпбалалы отбасына азық-түлік пен жиһазды да әкелеміз деп отыр.

Алмат ӘБДІРАМАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу