Энергетика министрлігі жылды қорытындылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Энергетика министрлігі жылды қорытындылады

08.02.2019

Биыл елімізде 89 млн. тонна мұнай өндіріледі. Бүгін өткенді екшеп, болашаққа бағдар жасаған Энергетика министрі осылай деді. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, елімізде былтыр ел тарихында болмаған рекордтық көлемде мұнай өндірілген. Яғни, 90 млн. 360 мың тонна. Электр энергиясы мен жанар-жағармайдың бағасы арзандады. Елді мекендерді газдандыру мәселесі де кешенді әрі жүйелі шешіліп келеді. Жалпы, биыл отын-энергетика кешенінің әр саласы бойынша жұмыс тыңғылықты орындалып, рекордтық көрсеткіштер көрсетті.

Жаңа жыл әдетте қымбатшылықпен басталады. Бұл – дәстүрге айналған-тын. Алайда, осы жыл коммуналдық тарифтердің төмендеуімен ерекшеленді. Электр қуатының бағасы 9,1%-ға арзандады. Жанармай құны да түсті. 160-тан 153 теңгеге дейін. Жыл соңына дейін АИ-92 маркалы бензин тағы 14 теңгеге түседі.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Жыл қорытындысына сәйкес, ішкі нарықты отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету көрсеткіштері соның ішінде, жанар-жағармаймен – 93,2 пайыз, дизель отыны – 91,1 пайыз, авиакеросин – 62 пайызға жетті. Биыл ішкі нарық 100 пайыз экологиялық стандарттағы отандық бензинмен қамтылмақ. Сондай-ақ, алдағы жарты жылда Қазақстан Орталық Азия елдеріне мұнай өнімдерін экспорттауды бастайды.

Бірақ, дизель отыны экспортталмайды. Елде дизельдің тапшылығы байқалып, баға өскендіктен, уақытша шектеу қойылмақ. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін елді мекендердің жартысынан астамы газдандырылады. Қазіргі таңда 9 млн. адам көгілдір отынның қызығын көріп отыр.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Жыл соңына дейін газдандыру деңгейі 50,5 пайызға жетеді деген жоспар бар. Былтыр жыл соңында «Сарыарқа» магистарльді газқұбырының құрылысы басталды. Жоба аяқталысымен 2020 жылға қарай Астана мен Ақмола және Қарағанды облыстарының халқы көгілдір отынға қол жеткізбек. Шамамен 142 мың тұрғын.

Биыл мұнайдың көлемі былтырғыдан 1 млн. тоннаға аз болмақ. Оған кен орындарының өндіру көлемі табиғи құлдыраумен байланысты болып отыр. Осы ретте, таяуда геологиялық барлау бағдарламасы бекітілмек. Ал, экологияны жақсарту мақсатында, әкімшілік санкциялардың мөлшері қайта қаралып, экологиялық тексерулер тетігі жетілдіреді. Осылайша,  өз басқаруындағы ведомствоның стратегиялық жоспарды тыңғылықты жүзеге асырғанын айтқан Қанат Бозымбаев, алдағы міндеттерді де осы қарқынмен орындайтынын жеткізді. Айтпақшы, биыл, министрліктің штаты 90 адамға қысқармақ.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу