Жетісу - туризм ордасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу - туризм ордасы

16.06.2014
Жетісу - туризм ордасы
Расында, қызмет сапасы жақсарып, бағасы да арзаңдап жатса, туристер тұрмақ, өзіміздікілер де қызығатын жер көп бізде. Кең-байтақ даламыздан шөлді де, орманды да, сулы, нулы жерлерді де табуға болады. Солардың бірі - Жетісу.
 
Индира Бегайдар,тілші:
Жер жаннаты - Жетісу. «Жоңғар Алатауы» Мемлекетттік  ұлттық табиғи паркі 2010 жылы ашылған. Мұнда 238 Қызыл кітапқа енгізілген өсімдік түрі өседі. Айта кетейік, оның жер көлемі 350 мың гектардан асады.
 
 «Түгін тартсаң, майы шығар, нағыз жұмақ екен», деп Жетісу жеріне қатысты айтылған сөз мекенге берілген аса жоғары баға. Бұл өңірдің туризм кластерін дамытуға ең қолайлы аймақ болып таңдалуы да осыған дәлел», дейді туризм саласына 30 жылын арнаған маман Николай Ткачев.
 
Ол  бүгінде Алматы облысында туризмнің әлеуетін арттыру үшін үлес қосып жүрген жандардың бірі. Мәселен, атақты «сиверс» алма түрін өсіріп, туристерді тартуды көздеп отыр.
 
Қазірдің өзінде 50 пайызын егіп болды, нәтиже жақсы болады, деген сенім бар.
 
Николай Ткачев, туризм саласының маманы:
Қазіргі таңда біз атақты алматылық «апорт» алмасын қалпына келтірудеміз. Жыл сайын кем дегенде 30 мың гектарға егеміз деп жоспарладық. Айта кетейік, қазір Канада, Жапониядан туристер мен ғалымдар келіп, қызығушылық танытуда.
 
Туризмнің табысты сала екенін төрткүл дүние түсініп болды. Ол әлемдегі жалпыұлттық өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестицияның 11 пайыздан астамын, әлемдік өндірістің әрбір тоғызыншы жұмыс орнын қамтамасыз етеді.
 
Қазіргі таңда Алматы облысында танымдық, сауықтық, этникалық, экологиялық, шипажай-сауықтыру, аңшылық секілді түрлі туризм түрлерін дамыту ісі мықтап қолға алынды.
 
Тек былтыр осы саланы дамыту үшін жергілікті қазынадан 31, 7 миллион теңге бөлініпті. Екі жылда өңірге келген туристер саны 116, 3 пайызға артты.
 
Амандық Баталов, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары:
Жетісу жерінде бүгінде 507 туристік нысан жұмыс істеп тұр. Іле, Жоңғар Алатауы, Алматы, «Алтынемел» ұлттық табиғи парктері, Тамғалытас, Шарын шатқалы, Көлсай көлдері тізе берсең, керемет жерлер жетеді. Ендігі мақсат - барымызды көрсету, туризм арқылы облыс экономикасын көтеру.
 
Шығыны аз, пайдасы көп туризм саласын дамыту - Елбасының тікелей тапсырмасы. Осыған орай, дайындалған бағдарлама бар, қарқынды ілгерілеу болады, деп күтілуде.
 
Себебі Жетісудың қай аймағын алсаңыз да, тұнған табиғатымен, тарихи-мәдени ескерткіштерімен құнды. «Қолда бар алтынның қадірін білу керек», деп отыр мамандар.
 
Биыл ішкі және сыртқы туристер санын 70 пайызға дейін арттыру көзделуде. Оның тиімді жолдары - алма бақты көбейтіп, этноауылдар құру.
 
Оған Николай Ткачев сынды мамандар бар күш-жігерін салатын болады.
 
Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу