6 айдан бері еңбекақысын алмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

6 айдан бері еңбекақысын алмаған

07.02.2019

Алматыда 6 айдан бері еңбекақысын ала алмай жүрген 400-ге жуық жұмысшы арнамызға шағымданды. «Ramco-Construction» компаниясында жұмыс істеген жұрт табан ақы, маңдай терінің өтеуін талап етіп талай табалдырықты тоздырған.

Бұл - еңбекақысын даулаған алматылықтардың жан айқайы. Олардың мердігер компания басшылығынан маңдай терінің өтеуін талап етіп отыр.

Гүлнұр Жолдыбаева, құрылысшы:

- Үш баламен пәтер жалдап тұрамын. Осы фирмадан ақшамызды ала алмай жүрміз. Олар бізге қарыз емеспіз, керісінше сіздер қарызсыздар дейді. Екі фирма бір-біріне сілтеп жатыр.

Ақыл-есінің кемістігі бар балаларға арналған мына интернаттың құрылысы мердігерлердің текетіресінің салдарынан бітпей тұр. Соның арқасында 300-ден аса адам еңбекақысын ала алмай жүр. Ал, бұл нысан негізі өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілу керек болған.

Әлеуметтік нысанның мерзім бойынша қоғам игілігіне берілмеуіне бас мердігер мен қосалқы мердігердің келіспеуі себеп болған. Еңбекақыны кешіктіріп келген екі компанияның өкілдері түсірілім тобын көріп, жұмысшылардың айлығын бүгін береміз деп ақталды.

Алайда, құрғақ уәдеге өткен жылдың қыркүйегінен бері алданып келген жұрт басшылардың сөзіне сенбейді. Дегенмен, еткен еңбегіміз еш кетпейді деген үміттері де жоқ емес. Себебі амалы таусылған жұмысшылар құзырлы орындарға арызданып, заң шеңберінде жалақыларын өндірмекші.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу