Ақтөбе облысындағы қиыршық тас өңдеу зауытының қызметкерлері 8 айдан бері жалақысын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысындағы қиыршық тас өңдеу зауытының қызметкерлері 8 айдан бері жалақысын ала алмай жүр

07.02.2019

Шалқар ауданында орналасқан серіктестіктің жұртқа берешегі 64 миллион теңгеден асқан. Олар жалақыларын даулап, талай табалдырықты тоздырғанымен, әзірге нәтиже болмай тұр.

Жұмысшылар соңғы рет былтыр мамыр айына тиесілі айлықтарын алған, «одан кейін ақша көрмедік», дейді. Сөйтіп қарашаға дейін еңбек еткен. Одан кейін жұмыс та тоқтапты.

Мұрат Мыңайдаров, серіктестік қызметкері:

- Маусымнан бастап төлеген жоқ. 465 мың беру керек маған. Неге бұл компанияға шара қолдануға болмайды? 104 адамға жалақы беру керек.

Жалақысын даулаған жұмысшылар құзырлы орындарға да бірнеше рет шағымданған. Еңбек инспекциясы компанияға тексеру жүргізіп, жалақыны уақытылы төлеуге ұйғарым беріпті. Амалы таусылған жұмысшылар сотқа да арыз жазған. Бірақ одан да нәтиже жоқ.

Ал, серіктестік директорының өз уәжі бар. Айтуынша, былтыр тамыз айында зауыт басшылары ауысқан. Соңғы келгендері «қарыз туралы білмедік, көрмедік, өзіміз тығырыққа тірелдік», - дейді.

Евгений Пак, серіктестік басшысы:

- Бұрынғы басшылар жіберген өрескел қателіктер анықталды. Салық төленбеген, жалақы берілмеген. 600 миллон теңгенің ізі жоқ. Қазан айында тиісті орындарға арыз бердік, бірақ ол қаралмады. Біз осы жылға 6 миллиард теңгеге атыраулық мекемемен келісімшарт жасадық. Мәселелерді шешеміз.

Алайда, жұмысшылар мұндай құрғақ уәдеге сенбейді. Сондықтан мәселелерін бір жақты шешуді сұрап облыс басшылығына келді.

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:

- Заңға сәйкес өзінің қадамдары бар. Осы қадамдарға сәйкес біз осы мәселені соңына дейін жеткіземіз. Мүмкін бір жерден ақша тауып, жабатын шығар.

Облыс басшылығының талабы бойынша, серіктестік қарыздарынан қысқа мерзімде құтылуы тиіс. Олай болмаған жағдайда кен орнын жалға алу келісімшарты бұзылатыны ескертілді.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу