Көлеңкелі бизнеске тоқтам керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көлеңкелі бизнеске тоқтам керек

07.02.2019

Түркістан облысындағы Арыс қаласында жолаушылар тасымалдау ісінде көлеңкелі бизнес өркен жайып тұр. Соның салдарынан бұл іспен айналысуға заңды лицензиясы барлар зардап шегіп келеді. Ал, қала билігі мен құзырлы орындардың көлеңкелі кәсіпке тоқтам салуға әзірге шамасы келмей тұр.

Кәсіпкер ісіне кедергі келтіріп жатқандарды тыю үшін полиция бөліміне күнде бірнеше мәрте осылай телефон соғуға мәжбүр. Бірақ құқық қоғаушылар оған селт етпейтін болып алған. Көліктің жоқтығын сылтау етіп, шақыртуға келмейді де. Оған түсірілім барысында өзіміз де куә болдық.

Гүлсім Әжібаева, жолаушы тасымалдау компаниясының директоры:

- Полицейлерді күнделікті шақырамын. Телефон соғамын. Бірақ келмейді. Келген жағдайда да, олармен амандасады да, кетеді. Айыппұл салмайды.

Көлеңкелі кәсіп иелері такси белгісін пайдаланып, тіршілігін жасап жатыр. Заң бойынша тек тапсырыспен қана қала ішіне жүруі тиіс көліктер күнделікті Шымкентке жолаушы тасымалдайды. Бірақ ешбірінде таксометр жоқ. Алқам-салқам көліктерде жолаушылардың қауіпсіздігі де сақталмайды. Табысынан салық төлеп жатқан да ешкім жоқ. Өзгенің ісіне килігіп, табысына жармасқан жолбике таксилердің кесірінен жолаушы тасымалдайтын компания ісі кері кетіп барады.

Қала әкімдігі бұл іске келгенде ылғи да шарасыздық танытумен келеді. Сырғытпа жауап, құрғақ уәдемен шығарып салады.

Әкімдік пен полиция бөлімінің бірлескен тексерістері кезінде жыл басынан бері заңсыз жолаушы тасымалдағаны үшін 120 көлік иесі әкімшілік жазаға тартылған. Ресми дерек үшін билік осыны алға тартқанымен, оның барлығы тек жол ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлдар болып шықты. Осылайша құзырлы орындардың немкетті әрекетінен Арыста оңай олжа көздегендер тайраңдап жүр.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу