Бала күтімі бойынша жәрдемақы төленетін мерзім 3 жылға дейін созылуы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі республикалық бюджеттік комиссияға осындай ұсыныспен шықпақшы. Ведомство басшысының орынбасары Светлана Жақыпова министрлік тарапынан бұл мәселе талай рет көтерілгенін айтып отыр.
Бірақ, мұндай өзгерістер енгізу үшін негіз қажет, - дейді вице-министр. Әлеуметтік жәрдемақы көлемін көтеру әзірге ұсыныс ретінде қарастырылып жатыр. Ал біздің тілшіміз Альбина Әшім үйі де, күйі де жоқ басқа бір астаналық балақайлардың жағдайын өз көзімен көріп қайтты.
Альбина Әшім, тілші:
Елорданың Есіл ауданы. Сейфуллин көшесінің бас жағы. Жаңа ауданда жыл сайын зәулім үйлер бой көтеріп жатады. Ал, осы ауданға тиіп тұрған мына саяжайларды кезінде қала тұрғындары жаздыгүні бау-бақша өсіру үшін қолданған. Ал, қазір мұндай мақсатта пайдаланатындар кемде-кем. Көбінесе , тұрмысы төмен отбасылар жалдап тұрады.
Үй деуге келмейтін лашықтарда қыстап шығу қиынның қиыны. Кезінде жаздыгүні бағбандар ғана қолданған саяжайлар Сарыарқаның сарышұнақ аязында азынап кетеді.
Аядай саяжайлардың бірін 3 баламен паналап жүрген жалғызбасты ана Жезқазғаннан жұмыс іздеп келген. Күйеуінің із-түссіз кетіп қалғанына 4 жыл болыпты. Қазір жұмыссыз. Арасында тапқаны тамаққа да жетпейді. Бір қап көмір сатып алса, қуанады.
Сандуғаш Қойшыбекова, жалғызбасты ана:
Тоннамен алғанмын, Шығыста жағалауда жұмыс істегенде, өзім құрылысшымын. Жаз бойы жұмыс істеп. Толық емес отбасы ретінде кезекте тұрмыз. Құдайға шүкір, бір алармыз. Енді мынадай жағдайда 3 баламен тоңып, жаурап отырмыз. Суды тасимыз.
Ал, мына лашықты қысқы мезгілге бейімдеп, жыртығын жамауға еріктілер көмектескен. Балалар көбіне пештің жанында қара шаймен жылынып отырады. Екі бөлмені де көк түтін тұмшалап, тоқ сымдары салбырап тұр. Балаларына алаңдаса да, жалғызбасты ана басқа амалы қалмағанын алға тартады.
Терезесін целлофанмен тұмшалап тастаған қораға ұқсас қара үй, қаңылтырмен қапталған ескі вагон... Осындай лашықтардың өзіне сұраныс өте жоғары. Саяжайларда айына 20-25 мың теңге төлеп, тұруға болады. Уақытша баспананың құны – айына 30-50 мың теңге.
Ал, қала ішіндегі бір бөлмелі пәтердің өзі 80-100 мың теңгеден басталады. Сондықтан, аймақтардан «Арман қалаға» ақша табу үшін үміті мен жүгін арқалап келген талай отбасы сол жағалауды емес, қала шетін жағалап жүр. Қаралы оқиға болған «Көктал» тұрғындары бұл ауданда да мұндай отбасы көп екенін жасырмады.
Рақым Асанбаев, қала тұрғыны:
Жалға 40-50 мыңнан шығар. Біз өзіміз бермейміз. Жұмыс істейді, Астанада басқа не істейді? Тұратын жерлері жоқ. Үйлері жоқ. Сосын осындай үйлерді паналайды. Олар балабақшаға бермейді ғой. Ақшалары жоқ қой. Кім бағады?
Міне, осындай көпбалалы, не әл-ауқаты төмен отбасыларға мемлекеттен көрсетілетін жәрдем механизмі жуық арада өзгеруі мүмкін. Бұл туралы үкімет отырысынан соң Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі мәлімдеді.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
Көп ұзамай бұл шаралар туралы естисіздер. 2018 жылы енгізілген «Атаулы әлеуметтік жәрдемақы» беру ережелеріне қатысты толықтыруларды қарастырамыз. Қазір қоғам мен әлеуметтік желілердегі талқылау бойынша бұл шаралар жеткіліксіз екенін көріп отырмыз. Сондықтан, әлеуметтік қолдауды жаңартуды ойластырамыз.
Бәлкім, бұл оң өзгерісті саяжайды паналаған балалар да көрер деген үміт оты пайда болды. Ал, әзірге олар сығырайған шаммен сабақ оқуға мәжбүр.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.