Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеуге қатысты айтқанда Алматы облысында қант өндірісінің өрісін кеңейтуді тапсырған болатын. Бір кездері бұл өңірде 5 қант зауыты жұмыс істеген. Қазір солардың екеуі ғана өнім шығарады. Ал, қалғандары нарық қыспағына шыдамай, жабылып қалған. Енді бұл зауыттардың қызметі қайта жандана ма?
Қарабұлақ ауылындағы қант зауытының қақпасына қара құлып салынғалы - 6 жыл. Тұрақты табысынан айырылып, тұрғындар әлі тұнжырап жүр. Ал, зауыттың құрал-жабдығы ескіріп, қаңырап тұр. Алдағы уақытта өндіріске қайта жан бітпек. «Тәтті» бизнесті тәжірибелі инвесторлар өз қолына алмақ.
Алтынбек Абатов, Көксу қант зауытының директоры:
- Биыл осы зауыттың қасына бұрынғы қант қызылшасын жинаған жерге қант қызылшасын қабылдаймыз. Қайта жөндеу жасап, жаңадан жабдықтарды кіргізу керек.
Кәсіпорын 2020 жылы толық қуатымен іске қосылмақ. Осылайша, төңіректің 500-ден астам тұрғыны жұмыс табылады.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
- Бұл зауыт іске қосылса, өңірдегі әмбебап кәсіпорынға айналғалы отыр. Себебі, қыс уақытында қант қызылшасын өңдесе, жазда қант қамысынан тәтті шекер алуға мүмкіндік туады.
Биыл шаруалары 14 мың гектарға қант қызылшасын екпек. Шикізат қоры мол. Сондықтан, Қарабұлақтан басқа, Алакөл ауданындағы қант зауытының да жұмысына жандандыру жоспарда. Ал, Алматы өңірінен шикізат тасымау үшін Қапшағайда тағы бір кәсіпорын салынады.
Амандық Баталов, облыс әкімі:
- Инвесторлардың өздері бізге келіп, сол зауыттарды қалай алсақ деп сұрап, бізге ұсыныс жасап жатыр. Бірақ, олардың иелері бар. Олар қаржысын бөліп салмаса онда біз олармен сөйлесеміз.
Елімізге қажетті қант қоры - 450 мың тоннадан асады. Соның 10 пайызын Алматы облысы өндіріп отыр. Аталған қант зауыттары іске қосылса, оның көлемі еселенбек.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.