Қарағанды облысында шахта үстінде орналасқан ауыл тұрғындары көшіріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында шахта үстінде орналасқан ауыл тұрғындары көшіріліп жатыр

04.02.2019

Шахта үстінде ораласқан апатты ауылдардан тұрғындар көшуге әлі асығар емес. Қарағанды облысының Сәтбаев қаласы маңында осындай апатты жағдайдағы 5 елді мекен бар. Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру  Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында жүзеге асырылуда. Ал, келешекте бұл ауылдар түгел сүріліп, орнынан мыс кенін ашық түрде өндіру қолға алынбақ.  Биыл көші-қон жобасы аяқталуы тиіс. Бұл мәселені назарға алған Мемлекет басшысы істі жеделдетуді тапсырған болатын.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Сәтбаев қаласына тұрғындары көшірілуі тиіс 5 елді мекен болса, соның бірі ескі кеншілер ауылы. Қазір мұнда бірде-бір әлеуметтік нысан жұмыс істемейді. Тұрғындардың жартысы қалаға көшіп кеткен. Ал, жартысы әлі күнге тұрып жатыр.

Жылы орнынан қозғалмай отырғандардың бірі - Римма Бишенованың отбасы, олар екі пәтерлі жер үйде тұрады. Баспана орнына берілетін 9 миллион теңге өтемақыға келіспей, сотқа бірнеше мәрте жүгінген. Алайда, сот өтінішін қанағаттандырмады.

Римма Бишенова, ауыл тұрғыны:

- 9 миллионға біз келісіпейміз. Сотқа бердік. Ештеңе ұтқан жоқпыз. 9 миллионның ішіне жеріміз, үй қасындағы құрылыстар кірмеген.Үйімізде жарықты күнде сөндіреді. Қазір ары қарай кеткен соң шамалы қалыпқа келді. Терезе, қабырғалар жарылды.

Өтемақыға келіспей ескі жұртта отырғандар әлі де баршылық. Ал, 100-ден астам тұрғын сот арқылы тиісті қаражатын қолдарына алған. Тағы осынша жұрттың шағымы қазір қаралып жатыр. 

Дәуір Жүнісбеков, Сәтбаев қаласы Стратегиялық жобаларды жүзеге асыруды сараптау бөлімінің жетекшісі:

- Қалалық соттың шешімімен келіспеген жағдайда тұрғындар жоғарғы тұрған сот инстанцияларына шағым берулеріне болады. Бүгінгі таңда осы кедергілер шамалы жұмыстың баяу жүруіне ықпал жасап жатыр.

Жұмыстың баяу жүріп жатқанын Мемлекет басшысының өзі  сынға алды. Президент бұл мәселені жеделдету керек деп тапсырма берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сәтаевтағы бірнеше елді мекенді көшірдік. Жағдай шешілді бірақ, өте баяу жүріп жатыр.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

- Бірнеше проблема бар, онымен жұмыс жасап істеп жатырмыз. Оны шешеміз.

Жыл соңына дейін 5 елді мекеннен 2800 отбасы қауіпсіз жерге  көшірілуі тиіс. Ол үшін Сәтпаев қаласында 40 көпқабатты үй салынып,  «Нұрлы мекен» ықшам ауданы ашылды. Жаңа үйлерге  1800-ден астам отбасы қоныстанып үлгерді. Биыл тағы көпқабатты бес үй тапсырылады.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу