Қарызға батқандар несиеден қағылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарызға батқандар несиеден қағылады

01.02.2019

Өскеменде пәтер иелерінің кооперативтері борышкерлермен күресті күшейтті. Олар несиелік бюромен келісіп, қарызы бар тұрғындарды қаржыдан шектемек. Себебі қала тұрғындарының кооперативке берешегі 250 миллион теңгеден асып кеткен. «Қарызды сот арқылы өндіре алмаған соң, басқа амалымыз қалмады», - дейді салаға жауапты мамандар

Пәтер иелері кооперативіндегі күнделікті жұмыс қарыз санаумен басталады. Тұрғындардың тек 70 пайызы ғана кооперативтер мен басқарушы компанияларға жарнаны уақытында төлейді. Қалғаны айлап, жылдап төлемей жүріп алады. 3 айдан асса, ақшаны сот арқылы өндіріп алуға болады. Бірақ одан да нәтиже шамалы.

Ольга Омарова, Жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

- Қолымызда сот шешімі болса да, көп жағдайда ақшаны ала алмаймыз. Өйткені бұл жерде сот орындаушылары жұмыс істеу керек. Ал, оларға мұндай істер тиімсіз, себебі қарыз ақшаның сомасы аз.

Өскеменде 1700-ден астам көпқабатты тұрғын үй бар. Жарнаны уақытылы төлейтін тұрғындар ауланың таза болуын, жарық пен судың уақытылы беріліп, жөндеу жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Қаржы жоқ болғандықтан, мұның бәрін уақытылы жасау мүмкін емес.

Фархат Жілібаев, Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:

- Жеке пәтер иелері кооперативтерінің қауымдастығы несиелік бюромен бірлесіп, борышкерлерге несие беруге шектеу жасау жөнінде шешім қабылдады. Қазіргі таңда бұл бағытта жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Осы күні 29 адам қарызын төледі.

Кооператив пен тұрғындар арасында қаржыға қатысты дау болмас үшін арнайы сайт жасалған. Бұл жерде жиналған ақшаның, атқарылған шаруаның есебі бар. Қай борышкер үшін бүкіл көпқабатты үйдің адамдары жапа шегіп отырғаны да жазылып тұрады.

Жеке пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары борышкерлерге бұдан да қатаң шара қолдануға бел буған. Нақты айтқанда, карызы көп тұрғындардың көлігі мен жылжымайтын мүлігін айырбастауға, сатуға шектеу қою туралы ұсыныс айтып отыр.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

 

Хабарламаларға жазылу