Жоғары сұрыпты бір қап ұнның құны 250 теңгеге өсті. Соған сай, ұн өнімдерінің де бағасы шарықтады. Кейбір астық өндіруші кәсіпорындар жұмысы іркіліп тұр. Өйткені, бидай қат.
Орталық базарда астық тапшылығы байқалады. Бұрын қап-қабымен самсап тұратын ұн түрінің кейбірі жоқ. Сатушылар соңғы күндері жоғары сұрыпты ұнның 250 теңгеге қымбаттағанын айтады.
Сағындық Рахимов, тұрғын:
- Бірінші сұрыпты ұн жоқ. Жоғарғы сұрыпты ұн қымбаттады, 6 мыңнан. Ұн өнімдерінің бәрі қымбаттап жатыр.
Астық құны макарон өнімдеріне де әсер етті. 1 келісі 50-70 теңгеге, ал, 5 келісі 100 теңгеге өскен. Жұрт «Импорт Емес, Жергілікті Жерде Шығарылатын Өнім Неге Қымбат?!», Деп Түсінбей Дал.
Айгүл Халықова, сатушы:
- Түтік кеспе бағасы көтерілді. 2 келілік - 400, 5 келілік - 950 теңге. Бір жұманың ішінде 3 рет көтерілді. Қазақстаннан шығады, бірақ көтеріледі.
Бөлшек саудада 10 келі астық бұрын 1250 болса, қазір 1500 теңгеден саудаланып жатыр. Саудагерлер өнімге тек 20 пайыз үстеме қосатындарын айтады.
Мумина Мырзабек, сатушы:
- Қымбаттап кетті. Ең болмаса, 20-30 теңге қосса ештеңе емес. Халыққа қиын болып жатыр. Бұрын 1170-тен әкеліп тұрған, қазір 1420 теңге, өте көп қосып жіберді.
Ал, астық өндіруші кәсіпорындар «қымбатшылық бидай бағасының өскенінен», дейді. Мысалы, «Белес Агро» шикізатты Қостанай облысынан алады. Тоннасы 70 мың теңгеден. Сол себепті, астық қымбат. Әрі қат. Бірақ, кәсіпкерлер камераға сұхбат беруден бас тартты. Ал, құзырлы орган бидай қоры бар деп отыр.
Нұргүл Мұқанова, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы:
- 2019 жылғы 30 қаңтардағы жағдай бойынша облыстың ірі ұн тартатын кәсіпорындарында 50,4 мың тонна азық-түліктік бидай бар. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа өнім алынғанға дейін ірі ұн тартатын кәсіпорындармен 34 мың тонна астық сатып алынды. Қосымша тағы да 33 мың тонна сатып алу жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы басқармасы біз тек 1 сұрыпты астықтың бағасын бақылаймыз деп отыр. Жоғары сұрыпты ұнның құнын реттеуге қауқарсыз. Макарон өнімі өскенімен, әзірге нан бағасы өзгеріссіз. Бірақ, наубайханашылар бұрынғы бағамен алған астық қоры таусылса, олар да нан бағасын көтеретінін айтады.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.