Елімізде жұмысшы мамандар тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жұмысшы мамандар тапшы

31.01.2019

Халықаралық еңбек ұйымының мәліметі бойынша 2019 жылы әлем бойынша жұмыссыз адамдардың саны 193 миллионнан асуы мүмкін. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш көрінеді. Қазір жаһандағы барлық мемлекет өз халқын тұрақты жұмыспен қамту үшін түрлі шаралар жасап жатыр. Қазақстан да еңбек нарығындағы мәселелерді заман талабына сай реттеуге басымдық беруде.

Ербол Мәндібек, тілші:

- Қазір қолында қолақпандай дипломы бар, бірақ, жұмыс таппай сенделіп жүрген адамдар жетерлік. Сарапшылардың пайымдауынша, олардың көбісі креслоны көздеп, кеңсе қызметіне оқыған немесе әлеуметтік мамандықты меңгергендер. Оқуын бітіріп жалақысы мардымды жұмыс таппай жүрген жандар аз емес. Солардың бірсыпырасы Астанадағы халық арасында «пятак» аталып кеткен бұрышта жүреді. Бұл жерде негізінен қара жұмыс істейді. Дегенмен, табысы күнделікті және қолма-қол.

Есенбол Қызай:

- Бір емес, 3 дипломым бар.

-Енді өз мамандығыңыз бойынша неге жұмысқа тұрмайсыз?

- Табылмай жатыр. Көбісі таныстарын алады.

Ерлан Мәлік:

-Жоғары білімің бар ма?

- 11 сынып бітіргенмін. Аттестат алдым. Сол арқылы жұмысқа кіріп, еңбек етіп жүрмін.

Астанадағы Жұмыспен қамту орталығына былтыр 20 мыңнан астам адам жұмыс сұрап келген. Олардың басы көбі заңгер, қаржыгер, есепші сынды мамандық игергендер және 2-3 жылдың көлемінде тұрақты жұмысқа орналаса алмағандар. Мұның себебін көп жағдайда жалақының аздығымен түсіндіреді екен.  

Абай Баймолдин, Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Біз ұсынған жұмыстардың жалақысы аз деп барғылары келмейді. Сөйтіп жүріп өзін-өзі қамтыған азаматтардың қатарына қосылады да күнделікті тапқан табыстары болады.

Соңғы жылдары еліміздің еңбек нарығы трансформацияға ұшырауда. Қызмет түрлерінің сандық форматқа ауысуы, кәсіпорындардың автоматтандырылуы, IT технологияның пәрменді даму процесі жүріп жатыр. Нәтижесінде, кейбір мамандықтарға сұраныс жоғалып, орнына мүлде жаңа мамандықтар пайда болуда. Салдарынан сан мыңдаған адамның бірнеше жыл бұрын алған дипломы «сандықтың» түбінде сарғаюда. Жоғары білімге барлық азаматтың ұмтылуы да кешегі күннің еншісінде қалды. Қазір қарапайым мамандықтарға сұраныс жоғары. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселе бойынша Үкіметке нақты тапсырма беріп, жұмыссыздық пен мамандық мәселесінің аражігін айтып берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бізде жұмыссыздық деген мәселе жоқ. Бізде мамандық деген мәселе бар. Жан-жақтан, Астанаға келеді. Барлық жерде құрылыстар жүріп жатыр. Жұмысшылар жетіспейді. Дәнекерлеуші, құрылысшы жоқ. Бұл жерде аспаз, бала тәрбиелеуші, даяшылар тапшы. Мәселе жұмыссыздықта емес.

Қазақстанда мамандық бойынша жұмыс таппай жүргендердің дені 29 жасқа дейінгі жастар. Мәселен, сюжет басында көрсеткен базар маңындағы күнделікті табысқа күнелткен жігіттердің ең егдесі әрі кетсе 35-те. Олар да электрик, сантехник, дәнекерлеуші, аспазшы, витеринар сынды кәсіптік мамандыққа бұған дейін мән бермеген. Бірақ, заман өзгеріп, әлгіндей кәсіп иелері бүгінде жемісті әрі табысты еңбек етуде. Демек, аталған салаларда әлі талай адамның табысқа кенелуіне мүмкіншілік мол.     

Ербол МӘНДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу