Димаш Құдайберген елорда төрінде «Арнау» атты жеке шығармашылық кешін өткізеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Димаш Құдайберген елорда төрінде «Арнау» атты жеке шығармашылық кешін өткізеді

29.01.2019

Астана күні қарсаңында Димаш Құдайберген елорда төрінде «Арнау» атты жеке шығармашылық кешін өткізеді. Концертте қазақстандық және шетелдік композиторлардың танымал шығармаларымен қатар, Димаштың авторлық туындылары ұсынылады. Концертте әлемдік шоулардағы технологиялар пайдаланылмақ. Жастар жылы аясында ұйымдастырылып отырған кештің негізгі ұйымдастырушысы, ақпараттық қолдаушысы «Qazaqstan» Ұлттық Арнасы.

Міне, миллиондардың сүйіктісіне айналған Димаш. Әлемді мойындатса да, әдеттегідей қарапайым. Жүзі - жылы, амандығы - түзу.

Залда ине шаншар орын жоқ. Журналистер түгел жиналған. Сауал көп, уақыт аз. Бір анығы –  музыкалық ауқымды шоу тек қара көздерді ғана емес, мыңдаған шетелдік өнерсүйер қауымды елорда төріне жинамақ.

Димаш Құдайберген, әнші:

- 2017 жылы «Астана Аренада» «Бастау» деген ең алғашқы Қазақстандағы үлкен концерттік жобамды ұсынған болатынмын. Енді Сіздерге деген деген сағынышпен араға 2 жыл салып, «Арнау» деп аталатын үлкен концертімізді назарларыңызға ұсынбақпын.

Кеш 4-5 бөлімге бөлінеді. Димаш сахнада қазақтың халық әндерімен қатар, әлемге әйгілі шығармаларды қазақ, ағылшын, француз, орыс, италия тілдерінде шырқамақ. Тек жанды дауыста. Әлбетте, заманауи әрленген Димаштын авторлық туындылары да орындалады. 

Димаш Құдайберген, әнші:

- Өзіме немқұрайлы қарай алмайтын музыканттар қатарынан болғандықтан, әрбір әнді шығармастан бұрын жүз ойланып, мың толғанамын. Ал, менің сахнаға алып шығып, орындап жүрген әндерім тек қана композитордан ғана емес, менің де жүрегімнен өткен әндер. Ал, ондай әндерді бірден кезіктіру қиынға соғады.  

Ерлан Қарин, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы:

- Қалай жасаймыз, қай кезде жасаймыз деген талқылаудың өзі 2 ай уақытты алды. Бұл концертке үлкен дайындықпен келгіміз келеді. Бірнеше шығармашылық топпен жұмыс істеп жатырмыз. Әртүрлі ұсыныстарды қабылдап жатырмыз. Бұл концертте әлемдегі шоу концертте пайдаланылатын түрлі тәсілдер мен технологиялар қолданамыз.

Концертен бөлек, Димаш алдағы жоспарлармен бөлісті. Димаш қазір әлемдік деңгейдегі әншілер мен композиторлармен жұмыс істеп жатыр. 22 наурызда Мәскеудің Мемлекеттік Кремль сарайында жеке концертін өткізбек. Онда халықтың жүрегінен орын алған әндермен қатар, жаңа туындылары таныстырылады.

Айта кетейік, былтыр Ұлыбритания астанасы Лондонда Димаштың концерті дүркіреп өткен-тін. Оған әлемнің 45 елінен 3 мыңға жуық тыңдарман жиналды. Астана төрінде өтетін кеш те, одан асып түспесе, кем болмайтыны хақ. 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу