Шығыс Қазақстан облысында ағаш өңдеу өнеркәсібі алға баспай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысында ағаш өңдеу өнеркәсібі алға баспай тұр

29.01.2019

Шығыста орман қурап барады. Аймақта 3,5 млн. гектардан аса орман қоры бар. Жылына 1 миллион текше метр ағашты кесуге рұқсат етілген, алайда, өңірдегі кәсіпорындар тек 40 мың текше метр ғана ағаш  дайындайды. Сондықтан, орманы жайқалған өңірде ағаш өнеркәсібі өз деңгейінде өрістемей, кенжелеп тұр.

Ормандағы қайың мен көктеректің 95 пайызы қураудың сәл ақ алдында. Олар енді тек отынға ғана жарамды. 

Рифат Ильясов, Өскемен орман шаруашылығы ММ директорының орынбасары:

- Біз қазір орман қорының есебін жүргізіп жатырмыз. Бізде жетілген және әбден қураған өскіндер 2 миллион 600 мың текше метрді құрап отыр. Соның ішінде қурап тұрған өсімдіктер жарты миллионнан асады. Бұл орманның қартайып бара жатқандығын білдіреді, яғни, оны қарқынды өңдеу жұмыстарын қолға алу керек.

Өңірдегі кәсіпкерлер соңғы жылдары кәрі көктеректерді кәсіп көзіне айналдыра бастады. Бұл зауытта өндіріске жарамсыз орман ағаштарынан жылына 16 мың текше метр ағаш-жоңқалы тақтайлар жасалады. Дайын өнімнің 30 пайызы шет елге экспортталады. 

Виктор Воробьев, ағаш өңдеу зауытының директоры:

- Біздің өндіріс орнының ерекшелігі сол, мүлдем ештеңеге жарамсыз ағаштарды ғана  қолданамыз. Кәсібіміз жанданып келеді. Ұжымда 130 адам еңбек етіп жүр.

Бүгінде Шығыс Қазақстан аумағында орман ағаштарын өңдейтін 57 шағын кәсіпорын ғана бар. Алайда, бұл орманға бай өлке үшін тым аз. Ағаш дайындайтын орынға барар жолдардың қиындығы, материалдық-техникалық базаның ескіргені , сондай-ақ, мемлекеттік қолдаудың аздығы бұл салаға бет бұратын кәсіпкерлердің аяғына тұсау.

Арман Есентаев, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Бізде ағаш өңдеумен айналысатын кәсіпорындар бар, бірақ, айтарлықтай деңгейде емес. Қытайдың жиһаз жасау компаниялары бізде осы өндірісті өркендетуге қызығушылық танытып отыр. Тіпті фабрика салу туралы да ойлары бар.

Ағаш өңдейтін ірі өнідіріс орны іске қосылса, орман да жаңара түспек. Мәселен, кәсіпкер 1 гектар жердегі ағашты кесіп алғаны үшін екі есе артық көшет отырғызу тиіс. «Орман шаруашылығын дамыту үшін 10-20 жылға арналған ұзақ мерзімді, кешенді бағдарлама керек», - дейді мамандар. Әзірге бізде орманды қорғау мен сақтауға ғана көңіл бөлініп отыр. 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу