Түркістан шаһары облыс мәртебесіне ие болғанына біршама уақыт өтсе де, әлі күнге қоғамдық көлік қызметі жақсармай келеді. Автобустардың аздығы мен оның кестеге сай жүрмеуі тұрғындарды әбден қажытты. Кешкі сағат жетіден кейін қоғамдық көліктер жүрісін сап тияды. Аялдамада автобусты сарыла күткен жұрт қалтасынан қағылып, үйге амалсыз таксимен қайтуға мәжбүр.
Бұл күнде кешкісін Түркістанда болатын қалыпты жағдай. Жұрт шағын қоғамдық көлікке жанталаса мінуге тырысады. Өйткені, сағат кешкі 7-ден асқан соң автобустардың келу-келмеуі екі талай. Көліктердің жүру уақыты да тым алшақ.
Нүрилә Ысқақова, қала тұрғыны:
- Сағат 19:30-20:00-ден кейін таксиге отырамыз. Себебі, одан соң мүлдем маршрут жүрмейді.
Жол азабын тартатын екінші ауысымда оқитын мектеп оқушылары, студенттер. Шаһарда халықаралық университеттен бөлек, тағы бірнеше орта арнаулы оқу орны бар. Соңғы сабақ аяқталғанша, көптеген бағыттар бойынша көлік қатынасы тоқтап қалады.
Руслан Бәкіров, мектеп оқушысы:
- Бірінші бағыттағы автобусты күтіп жүрмін. Күткеніме 20 минуттай болды. Ол негізі 19:00-ден 10 минут кеткенге дейін жүреді. Біз сабақтан шығамыз дегенше үлгермей қаламыз. Ондай кезде таксиге мінемін, болмаса үйге телефон соғамын. Солар келіп, алып кетеді.
Қала тұрғындарына қызмет көрсететін көліктердің дені жолаушы тасымалына ыңғайсыз - шағын автобустар. Олардың іші тар болғандықтан, жұрт екі бүктетіліп, еңкейіп әрең тұрады.
Гүлжәмилә Мамақова, қала тұрғыны:
- Кешке таман тығылыс болады. Балалар көп. Сабақтан шығады. Сондай кезде сыймай жатамыз. Кейде үшінші көлікке мінеміз.
Қала шағын, көшелер тар болғандықтан, үлкен автобустар жүргізуге мүмкіндік жоқ. Оның үстіне қоғамдық көлік жүретін көшелердің 70 пайызына аялдама орнатылмаған.
Рақым Тәңірбергенов, Жолаушы тасымалдау компаниясының басшысы:
- 19:30-дан кейін жүрмей қалу болған. Облыс орталығы болған соң, арасын сиректеу қылып, кезекші жүргізіп жатырмыз. Өкінішке қарай, Түркістанда жол өте тар. Оның үстіне, кептеліс. Осылар біздің тұрақты жүруімізге кедергі жасап жатыр.
Түркістан көшелерінде күнделікті 21 бағыт бойынша қоғамдық көлік қатынайды. 270техника халыққа қызмет көрсетеді. Жуырда олардың қатары жаңа 10 үлкен автобуспен толықпақ. Сондай-ақ, биыл шаһардағы 30 көшеге жөндеу жүргізіліп, кеңейтілмек.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.