Бірыңғай жиынтық төлем: Кім және қанша төлеу керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірыңғай жиынтық төлем: Кім және қанша төлеу керек?

28.01.2019

Еш жерде ресми жұмыс істемейтін, алайда табыс табатын азаматтар бар арамызда. Олар зейнетақы мен медициналық сақтандыру қорына ақша аудармайды. Үкімет мұндай азаматтарды өзін-өзі жұмыспен қамтығандар дейді. Оның ішінде таксист, бала күтуші, қорадағы азын-аулақ малын сатып, табыс табатын өзге де қазақстандықтар бар. Биыл 1 қаңтардан бастап олар бірыңғай жиынтық төлем жасап, мемлекеттен көмек ала алады.

Бұл төлем түрін ресми жұмыс істемейтін, бірақ табыс тауып жүрген азаматтар төлей алады. Мысалы, бала күтуші, репетитор, үйде отырып табыс табатын қыз-келіншектер, тағысын тағы. Бірыңғай төлем облыстар мен ірі қалалар үшін айына 2525 теңге, өзге өңір тұрғындарына 1262 теңге болып бекіген. Әркімнің өз еркі, ешкімді төле деп мәжбүрлемейді.

Нұрсұлу Кемел, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми өкілі:

- 1 АЕК төлеген кезде оның 10 пайызы жеке кіріс салығы ретінде кетеді. 20 пайызы міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар түрінде жолданады. 30 пайызы бірыңғай зейнетақы қорына жарна ретінде аударылады және 40 пайызы медициналық сақтандыру қорына жолданады.

Бұл зейнетақы мен түрлі жәрдемақыларды көбірек алуға әсер етеді. Себебі ендігіде бұл төлемді төлеген айларыңыз бен жылдарыңыз еңбек өтілі ретінде есептеледі. Сәйкесінше зейнетақыңыз да көбейеді. Дәл осындай мысал жүктілік пен бала босануға берілетін жәрдемақыға да қатысты.

Нұрсұлу Кемел, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми өкілі:

- Бала күтушілер бар. Олар табыс тауып отыр. Бірақ еш жерге өзінің кәсібін рәсімдемеген. Ол азаматтар ай сайын өзінің атына БЖТ жасаса болады. Мұндай жағдайда жүктілік және босануға байланысты мемлекеттен әлеуметтік төлемдер алады.

Төлемді кез келген банктен немесе «Қазпоштадан» бір айға немесе бірден 12 айға төлеуге болады.

Олжас Отар, ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы:

- Банк арқылы төлеген кезде, төлеген айды (қаңтар, ақпан, наурыз) көрсетесіз. Мобильдік қосымша арқылы да төлеуге болады.

Үйден шықпай төлеуге болады деген онлайн қызмет іс жүзінде істемейтін болып шықты. Мәжіліс депутаты Альберт Рау бұл мәселені бүгін Мәжілісте көтерді.

Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мен онлайн төлеуді тексердім. Не кіріс комитетінің сайтында, не Электрондық үкімет порталында төлем жасау мүмкін емес. «Қазпоштаның» сайтына да кіріп көрдім. Төлеу деген батырма бар, бірақ төленбейді. Бұл не сонда?

Қазір қазақстанда 2 миллиондай адам өзін-өзі жұмыспен қамтып жүр. Еңбек министрлігінің есебі бойынша олардың 500 мыңы осы төлем арқылы жұмысын заңдастырады. Бірақ бүгінге дейін, яғни 25 күнде тек 1495 адам бұл мүмкіндікті пайдалана бастаған.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу