Қызылорда қаласының шет аймақтарында тұрғындар батпаққа батып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда қаласының шет аймақтарында тұрғындар батпаққа батып жатыр

25.01.2019

Қаланың бірқатар аудандарынадағы көшелерге асфальт түгілі тіпті тас та төселмеген. Жаңбыр, қар жауса, жол балшық, айнала көлшік болады.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

- Көшенің сиқы мынау, өздеріңіз көріп тұрсыздар. Ми батпақ, жүру мүмкін емес. Сондықтан, тұрғындар орталық көшеге шығу үшін аяққа полиэтилен пакет немесе резеңке етік киеді. Бірақ, оның өзімен жүру оңай емес.

Қанатбек Сәркеев, қала тұрғыны:

- Таңертең баланы сабаққа шығара алмаймыз. Арқалап келемін. Қазір күтіп алып, арқалап алып, қайтадан үйіме қайтамын. Балабақшаға баратын балам 10 күн олдылды, бара алмай отыр, машинасы келе алмайды. Бұл көшені қашан жөндейді, жылда құрғақ уәдемен кете береміз бе? 

Ақылшы Сүлейменова, қала тұрғыны:

- Біздің келгенімізге 11 жыл болды. Содан бері осы көл батпақ. Үйден шыға алмаймыз. Бізге бір көмек берсін. «Үйлерінде отырмай ма?», деп ойлайтын шығар.

Халық ашынған, себебі, мәселені талай мәрте құзырлы орындарға айтқан, бірақ, нәтижесіз. Сондықтан, мұң-мұқтажын бәрі жарыса жеткізді.

Маржанкүл Есбармақова, қала тұрғыны:

- Былтыр тегістеп бер деп әкімдіктен біреуді жіберді, тегістеді. Бетіне макияж істеген сияқты марафет жасады да кетті.

«Әл-Фараби» мөлтекауданында көшелердің атауы да жоқ. Тек нөмірленіп, кварталдарға бөлінген. Сондықтан, батпақ басқан көшеге жедел жәрдем көлігі келмейді. Қоғамдық көлік те қатынамайды. Қала іргесіндегі Тасбөгет, Қызылжарма кенттерінің тұрғындары да батпаққа батып жатыр. Бірақ, атқарушы билік «оның барлығын бір мезетте шешу мүмкін емес», дейді.

Берік Сәрменбаев, қала әкімінің орынбасары:

- «Әл-Фараби» мөлтекауданында 498,497,495,498 деген кварталдар бар. Соған құжаттар дайындалған. Соған қаражат бөлініп, қазір конкурс өтіп болды. Енді биыл көктемнен жұмыстар басталады. Биыл айтып отырғанымыздай, Әл-Фарабиде 10 көше, «Саяхат» мөлтекауданы бар, 30 көшені жөндеуді жоспарлап отырмыз. Оған да тиісті қаражат бөлінген. 

Қаланың аумағы жылдан жылға ұлғайып жатыр. Соңғы үш жылда облыс орталығында  434 көше жөнделді. «Әл-Фараби» мөлтекауданына 15 шақырым ауызсу жүйесі жүргізілген. «Билік шет аймақтардың жарық, су мәселесін шешті, енді жол жайын реттеуге кірісеміз», - дейді қала әкімінің орынбасары.   

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу