«Нұр Отан» партиясында букмекерлік бизнес талқыланды

25.01.2019

Құмар ойынның құрбаны. Бұрындары есірткінің құрбаны, ішімдіктің құрбаны деген тіркестерді естісек, бүгінде құмар ойыннан зардап шеккендер туралы жиі еститін болдық. «Нұр Отан» партиясында өткен жиында букмекерлік бизнестің көлеңкелі тұстары талқыланды. Ойынның жүйкеге ғана емес, отбасы мен қоғамға тигізіп жатқан кері әсері сөз болды.

Жанар - құмар ойынның құрбаны. Оның ұлы бәс тікпесе тұра алмайтын дертке шалдыққан. Бір-екі жылда басындағы үйі, астындағы көлігі, жиған-терген ақшасынан айырылған. Ол аздай, банктің алдында қарызға белшесінен батқан. Алдымен ақыл айтқан. Болмаған соң ұлына ұрысып айтқан. Ол да болмаған соң, жүйкесін емдетіп көрген. 

Жанар Мұшанова:

- Үйдің маңында «Олимптің» екі кеңсесі бар. 5-6 ломбард тағы тұр. Жарнамасы жер жарады. Онлайн ойындарға еш шектеу жоқ. Бір айға жетпей жатып, ұлым тағы да ойнай бастады. Қазақтар мұндай дүниені сыртқа шығармауға тырысады. Алайда, құмар ойын біздің жанұямыздың шаңырағын ортасына ойып түсірген соң, айтуға бел будым.

Бұл - бір Жанардың басындағы қасірет емес секілді. Себебі, саясаттанушы Талғат Қалиевтың айтуынша, еліміз бойынша жылына 350 мың отандасымыз букмекерлік орталықтың есігін ашып, бәс тігеді. Ал, ол жерде айналатын қаржы көлемі 200-250 млрд. теңгеге тең.

Талғат Қалиев, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры:

- Букмерекерлік орталықтың қожайындары Америкада отыр деп естідім. Елге одан пайда жоқ. Жастардың бәрі табысын ғана салмайды. Онлайн кредит, қарыз алады. Әр отбасының қарызы 10-15 млн. Күн сайын маған ондаған хат келеді. Диверсия деп атауға болады. Ондай адамдар ойынға беріліп кеткен соң, экономикаға да, қоғамға пайдасы жоқ.

Біздегі заң бәс тігуге рұқсат берген. Сондықтан, букмекерлік орталықтарды жабу өте қиын. Өйткені, оның қызметі құмар ойын емес «бәс тігу» деп аталатын қатарға жатады. Букмекерлер қауымдастығы атынан сөз алған Дәурен Құсайынов «Жанарына жас толған Жанардың ұлын құмарлықтан емдеу үшін букмекерлік орталық қаржы бөлуге дайын екенін» айтты.

Дәурен Құсайынов, Қазақстан букмекерлер қауымдастығының атқарушы директоры:

- Біздің яғни, букмекерлік конторалардың негізгі миссиясы - адамдардың аналитикалық ойлау қабілетін танытуына жол ашу және бәс тігуіне мүмкіндік ашу. Әрине, соңында жеңіске жетуіне көмектесу. Ал, «Олимпте» бір жылда 250 млрд. теңге айналады деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

Бүгін көтерілген мәселенің барлығы партияның Парламенттегі фракциясында қаралмақ. Жиынға төрағалық еткен «Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья Теренченко ескертулер мен ұсыныстардың барлығы заңға енетін өзгерістерде ескерілетінін айтты. Ал, Жанар болса, сол өзгерістерге үлкен үміт артады. Өйткені, азарттың азабына тап болғандарды жаңа заң қорғайды деп сенеді.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу