Жоғарғы Сот Челахтың үкімін өзгеріссіз қалдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жоғарғы Сот Челахтың үкімін өзгеріссіз қалдырды

22.01.2019

Атышулы Арқанкерген оқиғасының айыпталушысы Владислав Челахтың үкімі өзгеріссіз қалды. Оның Біріккен Ұлттар Ұйымына жазған шағымы негізсіз деп танылды. Бүгін Жоғарғы Соттың кассациялық сатысы осындай қорытынды жасады.

Владислав Челах Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағым жазғаны мәлім. Атап айтқанда, қорғаушысына 56 томдық қылмыстық іспен танысуға аз уақыт бөлінгенін алға тартқан. Істің қайта қаралуын және 30 миллион теңге көлемінде өтемақы өндіріп беруін сұраған. Оның бұл уәжін Біріккен Ұлттар Ұйымы 2017 жылдың қарашасында қараған. Отырысқа Челахтың өзі қатысқан жоқ. Оның құқығын қорғаушы Гүлмира Шалдықова келді.

Гүлмира Шалдықова, қорғаушы:

- Біріккен Ұлттар Ұйымының комитеті Челахтың ісін қарау кезінде «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» халықаралық пактінің 14-бабы бұзылды деген шешім шығарды. Осыны негізге ала отырып, Қазақстанның Бас прокуратурасына Владислав Челахқа тиімді құқық қорғау тәсілін ұсынуға міндетті екенін хабарлаған.

Қазақстан халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретінде БҰҰ-ның хабарламасын назардан тыс қалдырмады. Жоғарғы Соттың кассациялық сатысы арнайы алқа отырысын өткізіп, Челахтың өтінішін талқылап, мынадай қорытындыға келді.

Абай Рахметулин, ҚР Жоғарғы Соты сот алқасының төрағасы:

- Сотталушы Владислав Челахқа қатысты Алматы қаласының қылмыстық істер бойынша ауданаралық әскери сотының 2012 жылдың 11 желтоқсанындағы үкімін, Әскери соттың қылмыстық істер бойынша аппеляциялық сот алқасының 2013 жылдың 6 ақпанындағы қаулысын, Жоғарғы Соттың кассациялық сот алқасының 2013 жылдың 21 маусымындағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын. Сотталған Челахтың өтініші қанағаттандырылмасын.

Осылайша Жоғарғы Сот Челахтың өтінішін қабылдаған жоқ. Ал, БҰҰ-ның шешімін негізсіз деп таныды. Заңгерлердің айтуынша, аталған ұйымның адам құқықтары жөніндегі комитеті көп жағдайда мәселені толық зерттемей, біржақты шешім шығарады. Естеріңізге салайық, Владислав Челах 2012 жылы 14 сарбазды және орманшыны өлтірді деп айыпталып, бас бостандығынан айырылды. Қазір ол Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» колониясында жазасын өтеп жатыр.

Ербол МӘНДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу