Батыстағы Қазақстан-Ресей шекарасының «Сырым» өткізу бекетінде тағы да ұзын-сонар көлік кептелісі пайда болды. Әлеуметтік желіде жүздеген көліктің тәуліктеп кезекте тұрғаны жайлы ақпарат тарады. Көлік жүргізушілері бұған тексеру кезінде жайбасарлық танытатын Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарын кінәлайды. Ал, құзырлы орган кептеліс себебін ауа райынан көріп отыр. Бұл мәселе осы шекара бекетінде маусым сайын қайталанып келеді. Бұған дейін қазан айында жүк көліктері бірнеше шақырымға созылған кезекте кептеліп қалған еді. Бекеттен тәулігіне 700 жүк көлігі өтеді.
Нұрболат Абдолов, облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:
- Ресейдегі жаңажылдық мерекелерге байланысты «Сырым» бекетінде үлкен кептеліс пайда болды. Шамамен 100-150 көлік кезекте тұрып қалды. Бұған дейін ол жақтан жүргізушілер жолға шықпаған еді. Бір жағы ауа райының қолайсыздығы да әсер етті. Қазір мәселе шешілді. Құжат сканерлеуші маман санын 4-ке көбейттік. Әр көлікке 3-5 минут қана уақыт кетеді.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.