Петропавл іргесіндегі Воскресенов ауылының тұрғындары ауызсуға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавл іргесіндегі Воскресенов ауылының тұрғындары ауызсуға жарымай отыр

18.01.2019

Өйткені, құдық суы күніне бір-ақ сағатқа беріледі. Ал, елді мекеннің ішіндегі ескі магистральді жөндеуге жергілікті билік асығар емес.

Ауылдағы жалғыз құдықтың басында күнде айқай-шу. Ауызсу түскі сағат 15:00-16:00 арасында ғана берілетіндіктен, бәрі осында. 70-ті алқымдаған Алла Пономарева бір шақырым жерден шанасын сүйретіп күнде жаяу келеді.

Алла Пономарева, ауыл тұрғыны:

- Үйдің жанында құдық болғанға не жетсін, су керек болғасын жүресің, әрине. Алыс, бірақ, жүруге тура келеді.

Шамшутдин Гайнутдинов, ауыл тұрғыны:

- Осында 1973 жылдан бері тұрамын. Бұрын көше бойы құдықтар тұратын, орталық желі болды. Қазір де бар. Соны жөндесе, ғажап болар еді.

Мал баққан жұртқа төрт түлікті суару да бір машақат. Сүймендерін сүйретіп суатқа келеді, мұз ойып, өлместің қамын жасайды.

Ауылдың тұрғындары ірі малды суатқа әкеліп суарады. Өйткені, бір сиырға күніне 30-40 литрден су қажет. Оны сатып алса, айына 600 теңгеден шығады. Сондықтан, осылай күн сайын көлге әкеліп, мұз ойып, суаруға мәжбүр.

Елді мекенде 800-ге тарта адам тұрады. Жылдар бойы ауызсудан тарыққан жұрт мәселені қанша көтергенімен, еш нәтиже жоқ.

Виктор Мищенко, ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы:

- 2019 жылғы бюджетке су магистралін жөндеуге ақша салынған жоқ. Ауылда 300 үй болса, солардың біразында өз құдықтары, аулаларында су сақтайтын орындары бар.

Еті тірі, қаржысы бар адамдар ғана ауладан құдық қазып алған. Ал, қалтасы жұқа қарапайым жұртқа шана сүйретіп, ауылдың арғы шетіне қатынаудан басқа амал жоқ.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу