Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Жүнісбай ауылының тұрғындары арнамыздан көмек сұрады. Олардың айтуынша, екі жылдан бері кәріз суын ішкен малдары ауруға шалдыққан. Ал, ауылдың дәл түбіндегі қоқыс алаңында шашылып жатқан қалдықты азық еткен малдың сүтін ішкен балалары бірнеше рет ауруханаға түскен. Алайда, жергілікті басқару орындары бұл мәселені шешуге асығар емес.
Ауылда 420 отбасы түтін түтетіп отыр. Алайда, олардың ішкен-жегені дерт болып жабысуда. Себебі, бағып отырған малдың етін азық етеді. Жайылым жер қоқыс төгу орнына айналғандықтан, қалдықпен қоректенген ірі қаралары ауру.
Нұрлан Асқарұлы, тілші:
Тұрғындардың айтуы бойынша, мына кәріз құбырының жарылғанына екі жыл болған. Содан бері сарқырап аққан су қарасуға, одан ары қарай Ілеге барып қосылып жатыр. Бұл жерде қазір судың иісі сондай жаман. Тіпті, шыдап тұра алмайсың. Ал, оның табиғатқа келтіріп жатқан зиянын айтып жеткізу тіпті қиын.
Бұл қайнардың, бұлақтың суы емес. Кәдімгі жарылған кәріз құбырынан атқылап шыққан су. Жағымсыз исі қолқаны қабады. Арықтағы сумен араласып, лайланған тіршілік көзімен жазда бағбандар бақша суарса, өрісте жайылған мал қысы-жазы осы бүлінген суды ішеді.
Марат Айтақынұлы, Қазақстан ауылдық аумағының әкімі:
- Мұнымен айналысып жатқан жеке кәсіпкеріміз қолынан келгенше жөндеу жұмыстарын жүргізді. Тоқтамаған соң, жерге тоң түсіп кетті.
Әкімнің сөзінен Ілеге құйған аяқсудың жақын арада сап тыйылмайтынын аңғару қиын емес. Ал, тұрғындардың талабына қатысты берген жауабынан қоқыстың қоршалмайтынын түсіндік. Айтуынша, бәріне тұрғындардың өзі кінәлі. Ал, «мал ашуы - жан ашуы» деген көпшілік күнкөріс көзіне айналған үй жануарларының ауырмағанын, балаларының амандығын тілейді. Ауаны ластаған қоқыс пен суды улап жатқан кәріз құбырын жамау - кезек күттірмейтін шаруа. Сондықтан, түйткіл тарқағанша бұл мәселені назарда ұстаймыз.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.