Мемлекеттік қызметкерлер мен мемлекетке қарасты компаниялардың қызметкерлерінің барлығы енді іссапарға қуана-қуана шығады. Себебі, енді бухгалтерияға «қонақ үйде тұрдым» деген құжат тапсырудың қажеті жоқ. Іссапар ақшасын толық алып, тек барып-қайтқан билетіңізді көрсетсеңіз болғанs. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады. Бұл қағазға көміліп, іссапар құжаттарын тексеріп отыратын жүздеген аудиторларды қысқартуға мүмкіндік бермек.
Іссапарларды реттейтін Үкімет қаулысы өткен аптада күшіне енді. Оған сәйкес, «қонақ үйде тұрдым» деген құжат тапсыру талабы жойылды. Яғни, бұрынғыдай акт, фискалды түбіртек, тағы басқа құжат жинап шаршамайсыз. Бұл тәртіп ел ішіндегі және шетелдік іссапарларға да қатысты.
Данияр Сабырбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры:
- Бұрын қызметкерлерді тексеретін бухгалтер, бухгалтерді бақылайтын аудиторлар болатын. Қағазбастылық еді. Ең бастысы, бұл талаптар құжат дайындайтын заңсыз кәсіпкерлікке жол ашты. Енді ондай болмауы керек. Қонақ үй құжатын тапсырмау тәртібі квазимемлекеттік компанияларға да қатысты.
Жаңа тәртіп тәжірибеде қалай болып жатқанын білу үшін теміржол вокзалына бардық. Көлеңкелі бизнестің көкесі осында екен.
Дулат Абибуллаев, тілші:
- Мемлекеттік қызмет істер агенттігі вокзалдар мен қонақ үй маңындағы мұндай заңсыз бизнес елімізде түбегейлі жойылады деп отыр. Алайда, мұндағы кәсіпкерлер Үкімет қаулысынан бейхабар болып шықты.
Мысалы, мына көліктегі кәсіпкер тек бүгін түске дейін 15 адамға іссапар құжатын дайындап берген. «5 мың теңге берсең, сізге де жасап береміз», - дейді.
Жаңа тәртіп тәжірибеге тез енсе, бұл бизнес келмеске кетері сөзсіз. Айтпақшы, Үкімет қаулысымен Астана, Алматы, Атырау, Ақтау және Байқоңыр қалалары үшін қонақ үйдің шектік шығыны 17, өзге өңірлер үшін 15 мың теңге төңірегінде бекіді.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.