Денис Тенді өлтірген қылмыскерлерге қатысты сот үкімі шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Денис Тенді өлтірген қылмыскерлерге қатысты сот үкімі шықты

17.01.2019

Бүгін белгілі спортшы Денис Теннің өліміне қатысты істің үкімі шықты. Жарты жылға созылған, 38-томнан тұратын қылмыстық іске қатысты шешім оқылды. Қайғылы оқиғаға қатысы бар деп айыпталған 3 күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалып тергелген. Олар Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов және Жанар Толыбаева. Сонымен, ұйымдасып айна ұрлаймыз деп кісі іліміне себепкер болған күдіктілер қандай жазаға кесілді?

Денис Теннің өліміне қатысты 38 томнан тұратын қылмыстық істі бүге-шігесіне дейін қараған судья соңғы сот отырысын көпке созбай бірден үкімді оқыды.

Кеңшілік Әбділдинов, судья:

- Сот үкім етті. Құдайбергенов Арман Бөрібаевичті ҚР ҚК 188-бабы 2-бөлігі 2-тармағымен, 99-бап 2-бөлігі 7-8-тармақтарымен, 192-бап 2-бөлігі 1-4-тармақтарымен көзделген құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танып  04-13 ҚР Қылмыстық кодексінің 58-бабы 4-бөлігіне сай жазаларды ішінара қосу арқылы Құдайбергенов Арман Бөрібаевичке түпкілікті 18 жыл бас бостандығынан айыру тағайындалсын. 05-13 ҚР ҚК бойынша 58-бабының 4-бөлігіне сай жазаларды ішінара қосу арқылы Қиясов Нұралы Дәулетбековичке түпкілікті 18 жыл бас бостандығынан айыру тағайындалсын. Толыбаева Жанар Үлкенбаевна ҚР ҚК 434-бабымен көзделген құқықбұзушалақтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.

Қайғылы оқиға өткен жылдың 19 шілдесінде Алматының қақ ортасында болған еді. Құрманғазы мен Бәйсейітов көшелерінің қиылысында Денис Тен көлігінің айнасын ұрлап жатқандардың үстінен түсіп, тоқтатпақ болған. Бұзақылар жабылып, спортшыны пышақтап кеткен. Ауыр жарақат алған Денис Тен көп қан жоғалтып, Орталық клиникалық ауруханада екі сағаттан кейін көз жұмған. Осы оқиғаға қатысы бар күдіктілер құрықталып, түгел тергеліп, сотқа тартылды. Айыпталушылардың жақындары сот үкімімен мүлде келіспейді. 

Гүлстан Илясова, Жанар Толыбаеваның анасы:

- Ол ешқандай қылмыскер емес. Мен қылмыскер деп ойламаймын. Ешқашан менің қызым қылмыс жасаған емес, жасамайды да. Ол үлгілі мұғалім. Меніңше, ол жай ғана бір жазатайым жағдай.

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

- Денис Теннің өліміне қатысты алты айға созылған тергеу амалдары мен екі аптаға созылған сот отырысы бүгін түйінделді. Алайда, судьяның шешімімен келіспеген тараптар алдағы 15 күнде Жоғарғы сотқа апелляциялық шағым түсіре алады.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу