Павлодар облысында бірнеше ауылдық округ таратылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында бірнеше ауылдық округ таратылды

17.01.2019

Биыл Павлодар облысында бірнеше ауылдық округ таратылып, әкімдіктерден 42 адам қысқарады. Соның есебінен бюджетке тиесілі 61 млн. теңге қаржы үнемделеді. Облыстың әкімшілік-аумақтық құрылымындағы бұл өзгерістерді жергілікті халық қалай қабылдап жатыр? Артық, кемі не? 

Успенка ауданындағы Богатырь және Қаратай ауылдарында 300-ге жетер-жетпес адам тұрады. Енді олар Лозов ауылдық округіне қосылды. Ауыл әкімі болған Болат Баймолдинов бұрынғы әріптестерінің жұмысын қоса атқармақ.

Болат Баймолдинов, Лозов ауылдық округінің әкімі:

- Мұны мойындау керек. Ауыртпалық бар. Енді үш ауылға уақыт бөлу керек. Бензин, уақыт шығыны, соның бәрін дұрыстап есептеп, көбейту жағын ойластыру керек.

Әкімсіз қалған ауылдардағы әлеуметтік нысандар бұрынғыша жұмыс істейді. Жаңа жылдағы жаңашылдыққа ауыл тұрғындары қарсы емес.

Балтабай Нұрахметов, Лозов ауылының тұрғыны:

- Осы үш ауылға бір әкім жетеді. Себебі, бұрынғыдай емес, жолдар, байланыс құралдары дұрысталды. Автобустар жүріп жатыр. Қай ауылға барсаңыз да, мәдениет ошақтары мен мектептер бар. 

Лозов экономикалық даму мүмкіншілігі мол тірек ауылдардың бірі. Мұнда ішкі көші-қон бағдарламасы бойынша көшіп келіп жатқан ағайын бар. Айымгүл Әли былтыр Маңғыстау облысынан қоныс аударған. Бастапқыда қазақ тілінен сабақ берді. Қазір мектеп директоры.

Айымгүл Әли, мектеп директоры:

- Ресеймен шекаралас тұрған ауыл. 7-ақ шақырым жерде. Ауылды ірілендіру жұмыстары өте жақсы жүріп жатыр. Осында менен кейін тағы 2 отбасы көшіп келді. Сонымен мектепке және шағын орталыққа 7 оқушы қосылды.

Успенка ауданында 21 елді мекенде 12 әкім болған. Бесеуі қысқарды. Одан бөлек, аудандық әкімшілік бөліміндегі мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту арқылы бюджеттің 50 млн. теңге қаржысы үнемделіпті. Ең бастысы, бұдан жұмысқа кедергі болмайды. Мәселен, ауыл шаруашылығы, ветеринарлық және аумақтық бөлімдер бір-біріне ұқсас жұмыстарды атқарады. «Ал, кейбір мамандар тіпті қажет емес»,- дейді аудан әкімі.

Бауыржан Қасенов, Успенка ауданының әкімі:

- Әр бөлімде корректор деген бар. Ол аудармашының қызметін атқарады. Оның не қажеті бар? Мемлекеттік қызметкерлерге арналған қазақ тілін үйрену курстары бар. Тіпті, қызметке алынардан бұрын мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергені жөнінде тест тапсырады ғой. Сондықтан, әр маман кіріс-шығыс құжаттарын қажет болған жағдайда өздері аударсын.

«Қызметтен қысқартылған азаматтардың ешқайсысы жұмыссыз қалмайды», - дейді жергілікті атқамінерлер. Ал, бюджеттен үнемделген 61 млн. теңге еңбекақыны көтеруге және ауылды көркейтуге жұмсалмақ. 

Болат АМАНБАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу