Алматылық жүк тасымалдаушылар көліктеріне қол жеткізе алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық жүк тасымалдаушылар көліктеріне қол жеткізе алмай жүр

16.01.2019

Осыдан 1 жылдан астам уақыт бұрын Қытайдан тауар алып келген автофуралар қазір уақытша сақтау қоймасында қаңтарылып тұр. Яғни, Қытай мен Қазақстан шекарасынан өткен заттарды Алматыға жеткенде тиісті орын қызметкерлері заңсыз деп тапқан. Бірақ, жүргізушілер «қандай зат әкелгенімізді білмейміз, міндетіміз тек жеткізу еді», деп отыр. Сондықтан, олар тек көліктерін босатып берулерін сұрайды.

17 жүргізушінің Алматыдағы уақытша сақтау қоймасының табалдырығын тоздырғанына жылдан асқан. Қазір көліктерінің маңына да жолай алмайды. Өйткені, алып келген тауарлары әлі сонда жатыр. Жүк тасымалдаушылар 2017 жылдың желтоқсан айында Қытайдан артқан тауарды Алматыға жеткізуі тиіс болған. «Алайда, оның ішінде не бар екендігінен бейхабармыз», дейді олар.

Нариман Хашимов, жүк тасымалдаушы:

- Әрбір машинада 5 мың қораптай бар, бәрі оралған. Оны ашпадық.

Бақытжан Мұхамеджанов, жүк тасымалдаушы:

- Үш күннің ішінде машинамызды босатып беруі керек еді. Бірақ, бір жыл бойы біз аяғымыздан тозып жүрміз. Ешқандай жауап бермейді.  

Бұл жүк машиналары уақытша сақтау қоймасының да бас ауруына айналған. Олар да істің тезірек қаралып, көліктердің бұл жерден шығарылғанын қалайды. Алайда, заңға сәйкес істің ақ-қарасы анықталғанша «КамАЗ»-дар осында тұра бермек.

Людмила Кондрашенко, уақытша сақтау қоймасының заңгері:

- Біз қазір бұл фураларды босата алмаймыз. Өйткені, көліктер қылмыстық істің басты айғағы ретінде сақталып тұр. Ең қиыны, бұл көліктердің осы жерде тұрғаны үшін бізге ешкім ақша төлемейді. Соның кесірінен біз де 840 млн теңгеден астам шығынға баттық.

Ушыққан жағдайға қатысты қалалық кірістер департаментінің басшылығына хат та жаздық. Олар бізге телефон арқылы осы іске қатысты Түрксіб аудандық соты экономикалық сараптама тағайындағанын әрі соттың үкімінен кейін ғана 17 көлікке байланысты шешім шығатынын айтты. Ал, тасымалдаушылар мен қойманың қожайындары іс тым ұзаққа созылып кете ме деп алаңдап отыр. Өйткені, қоймада 1 жыл былай тұрсын, үш жылдан бері шешімін таппай, әлі күнге дейін қаңтарылып тұрған басқа да көліктер бар.

Аманкелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу