Медициналық туризм неге тиісті деңгейде дамымай тұр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медициналық туризм неге тиісті деңгейде дамымай тұр?

15.01.2019

Елімізде лемнің ең озық технологиясы бар, білікті мамандар да жеткілікті. Бірақ, еміне шипа іздеп шетел асатын отандастарымыз көп те, өзге елдерден біздің отандық клиникаларға келетіндер әзірге аздау. Бұған не себеп? Саланың серпілуіне кедергі не? Бүгін Астанадағы медициналық орталықтар туристік агенттік өкілдеріне есіктерін ашып, мүмкіндіктерімен таныстырды.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

- Бұл - жақында ғана орнатылған компьютерлік томография. Әлемдік озық технологиялардың бірі. Мұның артықшылығы - бір айналғанда 160 кескінді көрсете алады. Бұрынғылармен салыстырғанда 10 есеге қуатты. Яғни, адам ағзасын 3D үлгісінде жасап, толық әрі анық көрсетуге мүмкіндік береді.

Иә, қазіргі отандық медицинаның мүмкіндіктері мол. Ширек ғасырда ғасырдың ғажабына қол жеткізді. Өмірі үзіліп бара жатқан жанның жүрегі өзгенің үзіліп бара жатқан үмітін жалғайды. Яғни, бір адамның жүрегі екінші адамға салынады. Керек десеңіз, жасанды жүректі де орнатып береді. Тіліксіз операция да жасалады. Алайда, мұндай жетістіктер жайында ақпарат аз.

Жазира Жанкина, туристік агенттіктің өкілі:

- Біз осыған дейін бұл бағытта жұмыс жүргізген жоқпыз. Өйткені, медициналық орталықтардың есігі біз үшін жабық болды. Ешқандай ақпарат ала алмадық. Ал, бүгін «сең қозғалды» десек те болады. Енді туристерге біздегі медицинаның мүмкіндіктерін айта аламыз.

Тұщымды ақпарат болмағандықтан, мардымды мағлұмат бере алмадық деп ақталған туристік агенттік өкілдеріне бүгін Астанадағы барлық орталықты аралап, жан-жақты мағлұмат алуларына мүмкіндік берілді. Өйткені, медициналық туризмді дамытуға дәл осы саланың ықпалы зор.

Шынар Қаусылова, шараны ұйымдастырушы:

- Бағасы өте арзан. Мысалы, Корея елімен салыстырғанда бізде операция құны 4-5 есе арзан болып шығады. Сондай-ақ, біздің клиникалар аккредитациядан өткен. Әлемдік стандарттарға сәйкес.

Алайда, туризмді дамытуға медицинаның мүмкіндіктері аздық етеді. «Ол үшін бірқатар түйткілдің түйінін тарқату керек», - дейді мамандар.

Талғат Пазылбеков, «Ұлттық нейрохирургия орталығының» медициналық директоры:

- Транспорттық инфрақұрылымды дамыту керек. Тікелей рейстер болуы керек. Елімізге оңай жетулері керек. 

Былтыр 2,5 мыңға жуық шетелдік азамат біздің елімізде ем алыпты. Ең үлкен көрсеткіш - осы. Отандық медицинаның мүмкіндігі бұдан бірнеше есеге қауқарлы. Ал, медициналық туризм – экономикалық кіріс көзі. Өйткені, ем алып та, дем алып та кететін туристерден түсетін табыс көп. 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу