Мамандар етті аптасына 1 рет қана жеуге кеңес береді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мамандар етті аптасына 1 рет қана жеуге кеңес береді

15.01.2019

Салауатты өмір салтын қатаң ұстанып, өзгелерге үлгі көрсетіп жүрген медицина мамандары да көп. Солардың бірі - денсаулық сақтау саласының майталманы, мықты ұйымдастырушы Абай Байгенжин тамақты талғамай, оңды-солды жеу семіздікке әкелетінін, ал, ағзадағы артық май қан тамырларын бітеп, өлім-жітімге соқтыратынын айтады. Осы ретте, дәрігер қазақ үшін тағамның төресі саналатын етті аптасына бір рет қана жеуге кеңес береді.

Дөнер, сэндвич, пицца, қуырылған картоп, газдалған сусындар. Бұл – бүгінгі балалар мен жасөспірімдердің сүйікті тағамдары. Ал, артық салмақ осы зиянды дағдылардың нәтижесі. Ресми сан Қазақстанда әр бесінші бала семіздікке шалдыққанын айтады.

Жанат Бекжігітова, терапевт:

- Қазір тез дайындалатын тамақтардың көбеюі семіздікке және метаболизм жүйесінің бұзылуына әкеледі. Осындай эндекриндік аурулардың көбеюі бойынша қазір алдыңғы қатарға жылжып барамыз.

Аманбол 21 жасында 110 келі болған. Тағам талғамайтын, мөлшерін өлшемейтін. Газдалған сусындарға да әуес-тін. Денсаулық сақтау туралы мүлдем ойламайтын. Тек, сырқат сыр бергенде артық майдан арылудың қажеттілігін түсінеді.

Аманбол Жырғаубайұлы:

- Қазір бір күндік тамақты бір апта жейтін шығармын. Әйелім таңғы 6-дан әйелім тамақ істейтін. Кешкі 1-2-де жұмыстан келетінмін. Қазір 5 уақыт тамақ ішуді үйретті.

Фаст-фудтың зияны мол. Мұндай тағамдардың құрамында адам ағзасына қажет дәрумендер мүлдем жоқ. Керсінше, майлар мен консерванттар жетеді. «Ал, ол адам өмірін қысқартады», - дейді мамандар.

Гүлназ Әубакирова, СӨС орталығының ұйымдастырушысы:

- Біз адамға дұрыс су ішуді, 5 мезгіл уақытылы тамақ ішуді үйретеміз. Қандай тамақты бір-бірімен сәйкестендіріп жеуге болатынын үйретеміз. Адамдарды жаяу жүріп, таза ауада серуендеуге дағдыландырамыз.

Бұрын атпен шабатын қазақ қазір көлікті тізгіндеді. Таңнан кешке дейін бір орында. Қозғалыс аз, артық қимыл жоқ. Бірақ, ет жеудің мөлшері ежелгіден еш өзгермеді. Бұл  да артық салмаққа әкеледі.

Абай Байгенжин, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ Басқарма төрағасы:

- Атқа мініп алып шаба беретін, барлығы тікелей тамақты қорытуға кетеді. Қазір отырасың. Күнделікті рационды өзгерту керек. 

Абай Қабатайұлын 72 жаста деп айтпайсыз. Бозбаладай. Бетінде әжім, бойында артық салмақ жоқ. Ауру-сырқаудан да ада. Себебі, дұрыс әрі тиімді тамақтанады, ұдайы дене шынықтырады. Адам ретінде, маман ретінде өзгелерге айтар кеңесі де осы. 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу