Алаяққа алданған алматылық азамат полицейлердің ұрыларды ұстамағанына шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алаяққа алданған алматылық азамат полицейлердің ұрыларды ұстамағанына шағымданды

14.01.2019

Алматыда алаяқтарға алданып, екі көлігінен айырылған азамат «полиция қызметкерлері жұмысына немқұрайлы қарап отыр» деп шағымданды. Ол 5 жыл бұрын машинасын алып қашып кеткен адамды полицейлерге өзі тауып берген екен. «Бірақ, құзырлы орган өкілдері әрі қарай жұмыс істеп, күдіктіні жауапқа тартуға құлықсыздық танытып отыр», дейді қала тұрғыны.

Батырбек Манабаев 2014 жылы екі көлігін Берікбол Молдабаев есімді азаматқа «бөліп төлеу» арқылы сатпақ болған. Бірақ, сатып алушы көліктерді тізгіндегеннен кейін ақшасын төлемей, ізін суытқан. Ал, Батырбек кейін көліктердің біреуі басқа адамға сатылғанын анықтаған. «Жетісу аудандық Ішкі істер басқармасына қанша арыздансақ та, әлі күнге дейін не көлігімізді, не алаяқты көрген жоқпыз», дейді ол.

Батырбек Манабаев, қала тұрғыны:

- Біз өзіміз іздеу арқылы Молдабаевтың қандай көлік айдап жүргенін, қайда екенін, мекен-жайын айттық, бірақ, полиция қызметкерлері ешқандай әрекет жасаған жоқ. Олар, тіпті, жауап берген жоқ, жауап бермейді де.

Ешқандай құжаты жоқ көлікті есептен шығарып, қалай сатқанын білу үшін Есік қаласына бардық. Бірақ, бұған жауапты мамандар 5 жыл бұрын болған оқиғаның негіздемесі сақталмаған деп қысқа қайырды.

Ескі құжатты тауып, архивті ашу үшін күдікті ұсталып, тергеуге алынуы тиіс. Бірақ, қалалық Ішкі істер департаменті өкілдерінің сөзінше, күдікті азамат әлі іздеуде, таптырмай жүр.

Салтанат Әзірбек, қалалық Ішкі істер департаментінің ресми өкілі:

- Бұл іс аясында азамат Молдабеков іздестірілуде. Оның Қазақстан бойынша жүріп-тұруына тосқауыл қойылды. Яғни, ұсталған сәтте міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.

Оқиғаның қызығы да осында. Полицейлер әлек болып, таба алмай жатқан күдіктінің мекен-жайы мен қазіргі ұялы телефон нөмірі Батырбек Манабаевтың қолында бар. Сондықтан, ол алаяқтың осы күнге дейін ұсталмай әрі тәртіп сақшыларының неге іс қозғамай жүргенін түсінбей дал.

Аманкелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу