10 мың доллар тауып алсаңыз қайтер едіңіз? Өзгенің заты мен мүлкін иемденуді ар алдында күнә, заң алдында қылмыс деп білетін адал азаматтар «Әрине, иесіне қайтарып берер едік» деп жауап берері анық. Осы орайда, Нью-Йорк тұрғыны Ричард Таверна отандасымыз Айя Төлемағанбетованың жоғалтып алған осыншама көлемдегі ақшасын қайтарып беріпті. Бұл жөнінде АҚШ-тың «CBS New York» телеарнасы хабарлады.
Айя Төлемағанбетова 10 мың долларға балаларына жаңажылдық сыйлық сатып алуды жоспарлап, жинаған. Алайда, ол сөмкесімен қоса, тірнектеп жиған қаржысын да метрополитенде ұмытып кетеді. Жерлесіміздің айтуынша, ол күдерін үзіп, жоғалған қаржымен қоштасып үлгерген. Ойламаған жерде оған Манхэттен тұрғыны Ричард Таверна хабарласып, жерлесімізге тиесілі 10 мың долларын бүгін қайтарып берген.
Өз кезегінде жерлесіміз Ричардке «Алтын адам» мүсінін сыйлады. «Алтын адам» біздің елімізде адалдық пен әділеттіліктің нышаны ретінде ұлықталады.
Адал, әділетті, жан дүниесі таза азаматтар бізде де баршылық. Бұл сөзге Нұрболат есімді жігіттің әрекеті дәлел. Ол 500 мыңнан астам теңгесі бар әмиянды Қарағанды көшесінен тауып алады. Бұл - қарағандылық арудың бір айлық жалақысы мен еңбек демалысына төленген қаржы. Иман жүзді, күлмесе тұра алмайтын Нұрболат ақшаның нақ иесін іздеп тапты. Ал, ақшаға сатып алуға болмайтын асыл қасиет иесіне қазақстандықтар дән риза. Бұған желідегі жылы лебіздер дәйек.
Ғабит БӨКЕНБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.