Банк пен аймақ арасындағы әріптестік арта түседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Банк пен аймақ арасындағы әріптестік арта түседі

12.06.2014
Банк пен аймақ арасындағы әріптестік арта түседі
Еуропалық қайта құру және даму банкі Қызылорда облысымен әріптестікті нығайтпақ. Бұл туралы банк президенті Сума Чакрабартимен өткен кездесуде белгілі болды.
 
Басқосуда қаржы институтының өкілдері аймақ үшін маңызды жобалармен танысты. Аймақтың даму динамикасын бағамдаған банк басшысы өңірмен тығыз қарым-қатынас орнатуға ниетті екенін мәлімдеді.
 
Банк өкілдеріне ұсынылған жобаның бірі - Қызылорда жылу электр орталығын қайта жаңғырту. Шаһардағы бір жарым мыңға жуық жеке және көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етіп отырған нысан осыдан елу жыл бұрын іске қосылған.
 
Жаңартуды қажет етеді.Өйткені, орталықтағы жылу жүйелері ескірген. Мұнда облысқа қажетті электр энергиясының 30 пайызы ғана өндіріледі. Қайта жаңғырту жұмыстары жасалса, аймақ жарыққа деген тәуелділіктен арылады.
 
Асқар Бекмағанбетов, орталық директоры:
Қондырғылар ескірген, тиімсіз. Модернизация жасау керек. Сол кезде жаңа технологияларды енгіземіз. Энерготиімді қондырғыларды қоямыз. Қоршаған ортаға бөлінетін зиянды заттардың мөлшері азаяды. Қазір біз қажетті электр энергиясының басым бөлігін көршілес облыстардан алып отырмыз. Егер модернизация жасалса, бұл олқылықтың орны толады.
 
Кәсіпорынды аралап көрген банк басшылығы технико-экономикалық негіздеме дайын болған соң осы жобаны қаржыландыруға мүмкіндік қарастырылатынын мәлімдеді. Айта кетейік, қаржылық ұйымның қолдауымен өткен жылы өңірде автобус паркі ашылды.
 
Сондай-ақ, банк пен жергілікті билік арасында қаланың жылу және ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту туралы келісімдер жасалған. Банк шарттары бойынша, жобалар пайыздық мөлшерлемесі төмен әрі белгілі мерзімге дейінгі жеңілдікпен несиелендіріледі.
 
Сума Чакрабарти, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті:
Біз Қызылорда облысын өзіміздің стратегиялық әріптесіміз, деп санаймыз. Аймақтың бірлесе жұмыс жасауға ниет танытып отырғанына қуаныштымыз. Алдағы уақытта өңірдегі коммуналдық жүйелерді қайта жаңғыртуға қатысты жобаларды төмен процентпен несиелендіруге, сондай-ақ, шағын және орта бизнесті қолдауға дайынбыз. 
 
Қазір елімізде бұл банктің жеті өкілдігі жұмыс істейді. Алдағы уақытта Қызылордада кезекті филиалды ашу жоспарланып отыр. Өйткені, аймақта банк несиелендурге ниетті жобалар жетерлік. Қос тарап өзара әріптестікті одан әрі нығайтуға уағдаласты. 
 
 
Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу