Бүгін Қазақ елі соғыс ардагері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаевты ақтық сапарына шығарып салды. Қоштасу рәсіміне арналған қаралы жиын Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театрында өтті. Жиналған көпшілік тағдыры тартысқа толы тау тұлғаның өмірі жолы жайлы естеліктермен бөлісті.
Саналы ғұмырын Қазақ елінің өсіп-өркендеуіне арнаған Сұлтан Жиенбаев 97 жасында өмірден озды. Қаралы жиынға келген зиялы қауым өкілдері марқұмның жақындары мен туыстарына көңіл айтып, қайғыларымен бөлісті. Ал, қала әкімі Бауыржан Байбек Елбасының көңіл айту хатын оқып берді.
Бауыржан Байбек, қала әкімі:
- Сұлтан Сүлейменұлы майданда ерлікпен шайқасып, елге оралғаннан кейін түрлі жоғары лауазымды қызметтерді зор абыроймен атқарып, республикамыздың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып еді. Елі мен халқын сүйген абзал жан, абыз ақсақалдың есімі мен еңбегін қазақстандықтар ұмытпайды деп ойлаймын.
Сұлтан Жиенбаев 1921 жылы Алматы қаласында туған. Жастық шағы сұрапыл соғыс жылдарына тап келген тағдырлы тұлға майдан даласында ел қорғаған. Ал, соғыстан кейін қоғамдық жұмыстарға араласып, ұзақ жылдар Сауда министрі және Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Еңбек демалысына шыққаннан кейін де қоғамнан қол үзбей, жастарға тәрбие беру ісіне үнемі атсалысқан.
Ким Серікбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Ағамызды құрышқан болат деп айту керек. Қай жерде де болса да жастардың алдында ақылын айтып, тәртіпке шақыратын еді. Қайғырамыз. Жатқан жері жайлы болсын. Отбасы аман болсын.
Ғасырға жуық өмір сүріп, артында өнегелі із қалдырған атпал азаматпен алматылықтар қимай қоштасты. Ал, алып тұлғаның денесі Кеңсай зиратына қойылды.
Аманкелді СЕЙІТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.